2 Мамыр 17:39
...

400 млн теңгелік ҚОЛСАҒАТ кімдікі?

Фото:

Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті «Richard Mille» деп аталатын швейцариялық қолсағатты саудаға қойыпты. Бұл туралы бүгін PROTENGE телеграм каналы жазды.

Шектеулі данасы ғана шығарылған эксклюзивті қолсағаттың құны 400 млн теңгеге жуық (393,6 млн) екен. Телеграм каналдың жазуынша, мүлік департаменті аса қымбат сағатты мемлекеттік органдардың біріне «сыйлай» салмақшы екен.

«Мемлекеттік мүлік департаменті бұл сағатты саудаға шығарды. Алайда сағатты әзірге ешкім де сатпайды, әлдебір мемлекеттік мекеменің балансына бермек», – деп жазды телеграм канал.

Фото: PROTENGE

Сонда бұл процесс қалай жүреді? Мұндай тәсілдің мемлекетке қандай пайдасы бар?

Мәселен аса қымбат сағатты Бас прокуратураның немесе Ішкі істер министрлігінің балансына берсе, оны білегіне тағып алған Бас прокурор немесе бас полицей суперменге айнала ма? Бұған дейін әлдекімнен тәркіленген «Lexus570» көлігі дәл осындай жолмен Бас прокуратураға берілген еді. Одан не өзгерді?

Ең дұрысы, тәркіленген мұндай қымбат дүние-мүлік саудаға шығарылып, одан түскен қаражат бюджетке құйылуы керек. Алайда бұл әзірге мүмкін болмай тұр. Ол үшін Қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВ жұмыс істеуі керек.

Айтпақшы, әлгі 400 млн теңгелік қолсағат Алматының экс-әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ экс-күйеубаласы БАҚЫТ ИБРАГИМНЕН тәркіленген дүние екен.

Естеріңізге салайық, ІІМ 2018 жылы Бақыт Ибрагимді Германиядан ұстап әкелген. Оған «Qazaq Banki»-нің қаржысын талан-таражға салды» деген айып тағылып,, дүние-мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталған. Міне, әлгі «саудаға түскен» қымбат сағаттың тарихы осындай.

Фото: ғаламтордан

Ал енді 400 млн теңгелік бұл сағат Б.Ибрагимнің бұрынғы қайын атасы – Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтікі болуы мүмкін бе? Бақыт Ибрагим бұрынғы қайын атасына қымбат сыйлық жасағысы келсе ше?

Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев Қаңтар оқиғасынан кейін Мәскеу асып, Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі болды, одан кейін ЕуроАзиялық әріптестік қаржы-бизнес ассоциациясы бақылау кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Сағынтаевқа қатысты ел арасында сөз көп. Әсіресе, Алматының соңғы жылдары саудаға түскен шұрайлы жерлері туралы әңгіме болғанда, экс-әкімнің аты-жөні қоса айтылып жүргені бекер болмаса керек...

Тегтер: