«36 айлық көлемінде бонус алған»: QazaqGaz жауап бер(ме)ді
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы Жоғары аудиторлық палата тарапынан тексеріс жүріп жатқанын растады, бірақ маңызды әрі өткір сұрақтарға нақты жауап бермеді.
Астана, NEGE. 13 сәуірде «Нефть и газ Казахстана» Telegram-арнасы Жоғары аудиторлық палата «QazaqGaz» және оның еншілес ұйымдарын тексеріп жатқанын хабарлаған. Аудиторлардың назарын «Интергаз Орталық Азия» компаниясының бұрынғы басшылығына төленген бонустар жүйесі аударған. Мәліметке сәйкес, кейбір жағдайларда бонустар 36 айлық жалақы көлемінде төленген, ал «Самұрық-Қазына» қоры бекіткен шекті мөлшер 24 айлық жалақыдан аспауы тиіс болатын.
Nege.kz редакциясы ұлттық компанияның басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың атына ресми сауал жолдап, тексерістің жүріп жатқанын растағаны жөнінде жауап алды.
«Қазіргі таңда "QazaqGaz" ҰК" АҚ-да мемлекеттік аудит аяқталған жоқ. Ұлттық компания өз тарапынан Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес Жоғары аудиторлық палатаға толық қолдау көрсетіп отыр», – делінген хабарламада.
Алайда редакция қойған негізгі сұрақтар жауапсыз қалды. Атап айтқанда, бонустардың белгіленген лимиттен асып төленген-төленбегені, оны кімнің бекіткені, қанша адамға берілгені, қандай кезеңді қамтитыны және бұл бойынша ішкі тексеріс жүргізілген-жүргізілмегені туралы нақты ақпарат берілмеді.
Компания тек басшылыққа сыйақы қаржылық нәтижелер бекітілгеннен кейін, аудиттен өткен есептер негізінде төленетінін айтты. Ал бонустардың мөлшері, жалақы көлемі және ішкі есептер коммерциялық құпия саналып, жария етілмейтіні хабарланды.