+35°С ыстық және үсік: қыркүйекке арналған ауа райы болжамы жарияланды
Синоптиктер қыркүйекке арналған күн райының консультативтік болжамын ұсынды. Бұл айда Қазақстанның барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы тамыз айымен салыстырғанда біртіндеп 5–7°С-қа төмендейді.
Астана, NEGE. «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, қыркүйек айының басында Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күни жаздағыдай ыстық болады. Ал елдің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында күзге тән салқын ауа райы орнап, жауын-шашын түседі, жаңбырдың қарға ұласуы, желдің екпін алуы мүмкін.
Алайда бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республиканың басым бөлігінде күн жауын-шашынсыз болып, температуралық фон айтарлықтай жоғарылайды:
- республиканың батысында, солтүстік-батысында және оңтүстік-батысында күндіз ауа температурасы +25+35°С-қа дейін;
- республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында (Қостанай облысында), орталығында және шығысында түнде температура 0,+8°С-тан +8+15°С-қа дейін, күндіз +10+18°С-тан +22+30°С-қа дейін жоғарылайды;
- елдің оңтүстігінде температураның негізгі фоны түнде +13+20°С, күндіз +25+35°С болады;
- оңтүстік-шығыста түнде +10+18°С аралығында, күндіз +20+28°С-тан +25+33°С-қа дейін жоғарылайды.
«Бірінші онкүндіктің екінші жартысында батыс және солтүстік-батыс өңірлерге, одан кейін республиканың қалған аумағында кезекті солтүстік-батыс циклонының енуіне байланысты ауа райы құбылмалы сипат алады. Жауын-шашын түсіп, жел күшейеді, аптап ыстықтың беті қайтады», – делінген ауа райы болжамында.
Синоптиктер болжамына сәйкес, қыркүйектің екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы төмендеп, үсік жүреді болжанады:
- батыс және солтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы түнде 0,+5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік +11+16°С-қа дейін, күндіз +27+35°С-тан +12+22°С-қа дейін ауытқиды;
- елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы түнде 0,+5°С-тан, топырақ бетінде 3°С үсік +5+13°С-қа дейін, күндіз +20+30°С-тан +8+17°С-қа дейін;
- Қазақстанның оңтүстік жартысында ауа температурасының түнде +2+10°С-тан, таулы аудандарда 1–6°С үсік +12+17°С-қа дейін, күндіз +25+33°С-тан +15+22°С-қа дейін ауытқуы болжанады.
Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық норма шамасында болады деп болжанып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болмақ.
Мамандар жауын-шашын мөлшері негізінен норма шегінде болатынын айтады. Қазақстанның қиыр батысында, солтүстік-батысында және солтүстік-шығыс бөлігінде әдеттегіден көбірек жауын-шашын түседі деп болжанады, ал оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде нормадан аз жауын-шашын күтіледі.