15 Шілде 17:59
...

«300 млн теңге аударған» – Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын НЕГЕ мұқият тексермеді?

Алаяқ
Фото: ғаламтордан

Перизат Қайратқа қатысты қозғалған үш қылмыстық істің бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана нақты мақсатқа жұмсаған деп айыпталуда.

Алматы, NEGE. Аталмыш соманың ішіндегі 300 млн теңгені сол кезде қайырымдылық ретінде First Heartland Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) аударған. Банк өкілі Бейбіт Жорабаевтың айтуынша, оларға Перизат Қайрат қол қойған BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорының атынан көмек сұраған ресми хат келген. Бұл мәселе банк басқармасының отырысында қаралып, қаражат қайырымдылық ретінде аударылған.

Алайда, Перизат Қайраттың өзі бұл бастаманың банктен шыққанын айтып, PR қызметіндегі Михаил Егоринмен осы жайында келіссөз жүргізгенін мәлімдеді және оны сотқа куә ретінде шақыруды сұрады.

Қазіргі таңда банк зардап шеккен тарап ретінде танылып отыр. Сотта оның мүддесін Бейбіт Жорабаев қорғады.

Сот отырысында айыпталушылардың қорғаушысы Асланбек Дәулетияров мынадай сұрақ қойды: Неліктен банк 300 млн теңгенің ұрланғанына сенімді? Мүмкін бұл ақша шынымен көмекке жұмсалған шығар?

Қорғаушының айтуынша, 2024 жылдың 2 сәуірі мен 18 шілдесі аралығында Қайрат 1 млрд теңгеден астам қаражатты қайықтар (моторлы, үрлемелі), генераторлар, киіз үйлер, азық-түлік пен техникалар сатып алуға жұмсаған.

«Біз тергеу материалдарымен таныстық, тергеу заң аясында жүргізілді. Тергеуші ұсынған құжаттарды оқыдық. Алайда, нақты біздің ақшамыз қайда кеткенін егжей-тегжейлі тексергеніміз жоқ. Сондықтан бұл сұраққа дәл жауап бере алмаймын», – деді Жорабаев.

Сондай-ақ, қорғаушы банктің мұндай ірі сома аударар алдында әдетте 1–2 млн теңгенің өзін мұқият зерттейтінін, ал бұл жолы бір ғана хатқа сүйеніп қалайша сеніп қалғанын сұрады. Жорабаев бұл шешім банк басқармасының деңгейінде қабылданғанын, сол кезде өздерінің де бөлімшелері су тасқынынан зардап шеккенін, сондықтан көмектесуге тырысқанын алға тартты.