30 жастағы блогер 11 жастағы қыздарға «ғашық болып қалдым» деген хабарлама жазып, құшақтасып суретке түскен
Әлеуметтік желіде 30 жастағы оралдық блогер Қолғанат Жұмабаев 11 жастағы қыздарға «ғашық болып қалдым» деген хабарлама жазып, олармен құшақтасып суретке түскені туралы ақпарат тарады.
Алматы, NEGE. Бұл жағдайды блогердің әйелі Құлпынай Қанат айтқан болатын. Ол күйеуінің кішкентай қыздармен түскен фотоларын және хаттарын жариялады. Ол бұл әрекеттен педофилияны байқағанын мәлімдеді. Құлпынай Қанат жасөспірімдерді қорғағысы келетінін айтып, дабыл қақты. Сол себепті мұның бәрін блогердің әйелі әлеуметтік желіге салып, халықтан көмек сұрады.
Блогер кішкентай қыздарға «ғашық болып қалдым ғой», «сұлуым», «фотоңа қарай беремін» деген сынды сөздер жазған. Оның бұл әрекетін желі қолданушылары айыптап жатыр.
Оралдық блогер де бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, арам ниеті болмағанын, ағалық махаббатын жеткізгенін айтты.
«Айша сол күні басқа қыздармен ренжісіп қалған. Сол үшін құлағына сыбырлап, «ренжіспеңдер, тату болыңдар» деп жатқанымда фотоға түсіріп алыпты. Мен қыздардың ата-аналарына жазып, оларды сұрап аламын. Қарындастарымдай көріп «жаным, көкем» деп сөйлесемін. «Красавицасың» деп сөйлесемін, олар да «ағай, сымбатты болып кетіпсіз» деп қалжыңдайды. Арам ниетіміз жоқ», – деді ол.
Жұмабеков екі жасөспірім қыздың аналарын да шақыртып, видеоға түсірген. Бұл жағдайға қатысты кішкентай қыздардың ата-аналары да пікір білдіріп, блогердің қыздарына жазған хабарламасы мен бірге түскен суреттерінде педофилияның белгілері жоқ екенін айтты. Қыздардың ата-аналары керісінше блогерді қолдап жатыр.
«Ешқандай педофилды көріп тұрған жоқпыз, ол – ағасы. Хейт үшін жасап отырғанын білеміз. Қызымның фотосын желіге жариялағаны үшін сотқа беремін. Таңға дейін уақыт береміз, өшіріп тастаңыз. Кішкентай қыздардың кінәсі жоқ, оны ағасындай сыйлайды. Орамалдағы әйел күйеуінің жамандығын шығармауы керек. Әйел күйеуінің жамандығын жасырып, жақсылығын асыруы керек», – дейді бірінің ата-анасы.
Аталмыш жазбалар балалар құқығы бойынша уәкіл Динара Зәкиеваға жетті. Ол Құлпынай Қанаттың постына пікір білдіріп, жекеге жазғанын мәлімдеді.
Осы жағдайдан соң коуч Роза Әшірбаева, адвокат Жанна Оразбақова, құқық қорғаушы, белсенді Айтбек Амангелді де пікір білдіріп, істі бақылауға алу керек екенін айтты.
Сонымен қатар блогер Қолғанат Жұмабаевтың балалармен түрлі виде түсіретіні және балаларға арналған барбершопы бар екені белгілі болды.