2 миллиард теңге шығын әкелген брокерлер. «Jusan Invest» НЕГЕ минусқа кетті?
Jusan тобына қарасты «First Heartland Jusan Invest» акционерлік қоғамы 2022 жылды 2,2 миллиард теңге шығынмен аяқтады. Олардың 2021 жылы 749 миллион теңге таза пайда көргенін ескерсек, бір жылда не өзгерді деген сұрақ туындайды.
Jusan Invest комиссиялық кірісі 194 миллион теңге, проценттік кірісі 1,5 миллиард теңге, ал әкімшілік шығындары 1,7 миллиард теңге болған. Әкімшілік шығындары бір жылда жарты миллиард теңгеге өсіп кеткен. Бірақ инвестициялық компанияны балансындағы құнды қағаздар құнының қайта есептелуі жарға жыққанын көреміз. Ол бойынша минус 4,1 миллиард теңге болып отыр.
«First Heartland Jusan Invest» АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG
Бірақ, компанияның өткен жылғы шығынын қағаз бетіндегі шығыс деп атауға болады. Қазір Jusan Invest активтерінің көлемі 62 миллиард теңгеден асса, міндеттемелері 20 миллиард теңгенің айналасында. Сонда компания капиталы 40 миллиард теңгеге жуықтаған.
«First Heartland Jusan Invest» АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG
Jusan Invest өз қожайындарына дивиденд төлей алмайды. Себебі – кіріс жоқ. Оның қожайындары бойынша да көптеген сұрақ бар. Қазір компанияның 100% акциясы «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамының қолында. Ал осы банктің 78,73% акциясына «First Heartland Securities» брокерлік компаниясы, қалған 20,11% акциясына Ғалымжан ЕСЕНОВ иелік етеді.
Есенов КазТАГ агенттігінің сауалына берген жауабында өзі үшін осы 20,11 пайыз акцияның бұғатталып жатқанын айтқан болатын. Не сатып қызығын көре алмайды, дивиденд те ала алмайды.
Ал банктің қалған 78,73% акциясы үшін экс-президент Н.НАЗАРБАЕВҚА жақын азаматтар бір-бірімен соттасып жатыр. Қазақстанда қалған Аслан СӘРІНЖІПОВ пен АҚШ-қа көшіп кеткен Ербол ОРЫНБАЕВ басшылық етіп отырған құрылымдар Jusan bank-ті өз уысында ұстап қалуға мүдделі.
Қазір Жусан банктің де-юре 78,73 пайыз акциясын ұстап отырған «Jysan Holding» компаниясына өз кезегінде «New Generation Foundation» қоры иелік етеді. Баяғына ол NU Generation – яғни, Назарбаев университет деп аталатын. Бірақ, Назарбаевтың атын Жусаннан алып тастау кампаниясы барысында атын дереу өзгертіп алды. Қор басқарушы құрамынан қазақстандықтардың барлығын шығарып тастаған.
Қазір оны Амитабха МУКЕРДЖИ, Джоэл МАККЛИРИ, Роберт АРМАО, Аскока (Ашока) ТАНКАЛА мен Нұралы БЕКТҰРҒАНОВ басқарады. 2000 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болған Нұралы Бектұрғанов қазір ресми түрде АҚШ азаматтығын алған.