27 Тамыз 12:33
...

270-нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны Kaspi.kz суперқосымшасында тапсыруға болады

Kaspi.kz
Фото: Kaspi.kz

Kaspi.kz мемлекеттік органдармен бірлесіп, салық төлеушілер үшін 270-нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыратын жаңа онлайн сервисті іске қосты.

Алматы, NEGE. «Біздің мақсатымыз – салық декларациясын тапсыру барысын мүмкіндігінше қарапайым әрі ыңғайлы ету. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, біз азаматтардың уақытын үнемдейтін онлайн сервистер жасаймыз.

2024 жылы Kaspi.kz-тің онлайн сервистері арқылы мемлекеттік бюджетке 2,2 триллион салық төленді. Бір жыл бұрын біз 250-нысан бойынша декларацияны толтыратын сервисті іске қостық, оны 1 миллион қазақстандық пайдаланды. Енді біз 270-нысан бойынша декларацияны толтыратын жаңа сервисті ұсынамыз.

Серіктестік орнатқаны үшін мемлекеттік органдарға және сенім артқаны үшін әр сүйікті клиентімізге алғыс айтамыз! Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет!», – деді Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.

«Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарымызға оңай, түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін сервистерді жақсарту және қолдау көрсету үшін үнемі жұмыс істейді! Біз үшін нағыз көмекші болған сервисті әзірлегені үшін Kaspi.kz командасына алғысымды білдіргім келеді. Сервис ыңғайлы, түсінікті әрі қарапайым, ұқыпты ойластырылған – кәсіби деңгейде ұсақ-түйекке дейін көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет, сіздер керемет жұмыс атқардыңыздар!», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дуйсембиев

«Бұған дейін біз eGov Mobile қосымшасында және eGov.kz электрондық үкімет порталында 250 және 270-нысандар бойынша декларацияларды толтыру және тапсыру бойынша функционалды іске асырғанбыз. Екінші деңгейдегі банктер халық үшін осындай маңызды сервистер мен қызметтерді танымал етуге қосылып жатқаны қуантады. Бұл оларды пайдалану ауқымын сөзсіз кеңейтеді және сервистеріміз бен қызметтерімізге қол жеткізуді жеңілдетеді. Әріптестеріміз бен серіктестерімізге бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіргім келеді», – деді ЦДИАӨМ вице-министрі Ростислав Коняшкин.

2025 жылдан бастап кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270-нысан) қазақстандықтардың мынадай санаттары ұсынады:

• «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар;
• «ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР заңдарына сәйкес инвестициялық портфельді басқаратын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;
• коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын (қатысушыларын) қоспағанда, жарғылық капиталдағы үлестің (акционерлік қоғамдардың акцияларының) 10-пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;
• есептік салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚР шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында жиынтығында айлық есептік көрсеткіштің 1000-еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар тұлғалар;
• есептік салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі бар тұлғалар;
• жеке практикамен айналысатын адамдар;
• Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тыс жерлерде есептік салық кезеңі ішінде құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 000-еселенген мөлшерінен асатын мүлікті сатып алған тұлғалар;
• кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда, есептік салық кезеңінде жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірісті алған тұлғалар;
• есептік салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар;
• салық агентіне өзге шегерімдердің алдын ала сомасы түрінде салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш ұсынған тұлғалар.

Kaspi.kz мобильді суперқосымшасында 270-нысан бойынша декларацияны қалай толтыруға болатыны туралы толығырақ Kaspi Гид сервисінен оқыңыз.

Kaspi.kz туралы

Kaspi.kz миссиясы – клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтер жасау. Инновациялардың орталығында – елдегі ең танымал мобильді суперқосымша Kaspi.kz. Оны шамамен 15 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады, ол елдегі электронды сауда, төлем және қаржылық жетекші сервистерді қамтиды.

Kaspi.kz суперқосымшасы арқылы қазақстандықтар тегін жеткізу қызметі бар тиімді онлайн зат сатып алып, комиссиясыз төлемдер мен аударымдар жасайды, жеке қаржыларын басқарады, әуе және теміржол билеттерін сатып алады, турлар рәсімдейді және ең танымал мемлекеттік қызметтерді пайдаланады.

Kaspi.kz бизнес үшін де Kaspi Pay суперқосымшасын әзірледі, оны Қазақстандағы шамамен 750 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланады. Kaspi Pay арқылы кәсіпкерлер бизнесін дамытуға қаржыландыру алады, төлем қабылдайды, жарнамалық науқандар жүргізеді, салық төлейді, электрондық сауда және жеткізу платформасына қосылады, оның көмегімен тауарларын бүкіл ел аумағында сатады.

Гарвард Бизнес мектебі Kaspi.kz туралы екі оқу материалын әзірледі, оны бірнеше жылдан бері магистратура студенттері оқып келеді.