26 наурыз – Халықаралық Арал күні болуы мүмкін
Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма отырысында 26 наурызды Арал теңізіне арналған халықаралық күн ретінде белгілеу ұсынылды.
Астана, NEGE. Бұл жиын – Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма отырысы Қазақстанның төрағалығы аясында өтіп жатқан үшінші кездесу. Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның үкімет басшылары қатысты.

Күн тәртібінде негізінен 22 сәуірде Астанада өтетін мемлекет басшылары деңгейіндегі саммитке дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ президенттер қарауына ұсынылатын бірқатар құжат талқыланды.
Отырыста қаралған маңызды құжаттардың бірі – 26 наурызды халықаралық деңгейде Арал теңізіне арналған күн ретінде бекіту ұсынысы. Бұл тек күнтізбедегі жаңа дата емес, Арал тағдырына бейжай қарамайтын мемлекеттердің ортақ ұстанымын айқындайтын, өңірлік ынтымақтастықты нығайтатын қадам ретінде бағаланып отыр.
«26 наурызды халықаралық деңгейде Арал теңізіне арналған күн ретінде белгілеу мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз. Наурыз айы су ресурстарына қатысты маңызды күндерге бай. Егер бұл шешім қабылданса, ол тарихи оқиға болмақ. Бірақ әзірге бұл – тек жоба, түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ», – деді Қордың атқарушы комитеті төрағасының орынбасары, ҚР уәкілетті өкілі Серік Бекмағанбетов.
Ресми өкілдің айтуынша, ұсынылып отырған күннің символдық мәні ерекше. Себебі биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына 33 жыл толды. Сондықтан аталған дата бастаманың тарихи мазмұнын тереңдете түседі.
Қазір оқып жатыр
«Жасанды тыныс алу аппараты болмаған»: Қарағандыда бүлдіршіннің өліміне қатысты тексеріс жүргізіледі
Алматының Әл-Фараби даңғылында жарыс ұйымдастырған жүргізушілер жауапқа тартылды
Астанада Умраға жоқ жолдаманы сатып, 17 қажыны алдаған алаяқ сотталды
Астанадағы өрт салдарынан қаза тапқан 3 баланың анасы есін жиды