2029 жылға дейін әбден тозығы жеткен инфрақұрылым толық жаңғыртылады
Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту қарқыны күшейтілмек. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың мәлімдеуінше, 2029 жылға дейін ескірген коммуналдық нысандар толық жаңартылып, қолданыстан шығарылады.
Астана, NEGE. Елде инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жоспар бойынша, алдағы бірнеше жылда жарамсыз күйге түскен жылу желілері, су құбыры және кәріз жүйелері, электр желілері, газбен жабдықтау жүйелері және қазандықтар толық жаңартылып, олардың орнына заманауи жүйелер салынбақ.
Бұл өзгерістер халыққа ауыртпалық түсірмеу үшін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қазіргі тариф саясаты да осыны ескеріп құрылған.

Комитет төрағасы Тимур Қосымбаев тариф саясатына кеңінен тоқталып, баға өсімін түсіндірді. Оның сөзінше, баға бірден емес, кезең-кезеңімен өседі. Сондықтан күрт қымбаттауға жол берілмейді. Комитет төрағасы тарифтердің көтерілуі бақылаусыз қалмайтынын алға тартты. Оның айтуынша, бұл бастама коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, алдағы ірі шығындардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Қосымбаев коммуналдық тарифтің өзгеруіне негіз болған бірнеше себепті атады.
«Тарифтердің өзгеру себептері объективті және түсінікті. Бұл инфляция деңгейіне индекстеу, стратегиялық тауарлар – көмір, мазут, ЖЖМ және басқа ресурстар құнының өсуі, желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға, өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеуді арттыруға инвестициялау қажеттілігі, сондай-ақ бірыңғай сатып алушы, теңгерімдеуші нарық, энергия өндіруші ұйымдар және тауарлық газдың көтерме бағасы тарапынан бағаның өсуі», – деді Тимур Қосымбаев.
Дегенмен, комитет төрағасы мемлекеттің ұстанымы өзгеріссіз қалатынын ескертті. Тарифтегі әрбір теңге ашық болуы үшін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне бақылау күшейтіледі.
Еске салсақ, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында коммуналдық тарифтердің өсуі саладағы қордаланған мәселелермен байланысты екенін айтқан еді.
Мемлекет басшысы сол сөзінде инфрақұрылым әбден ескіргенін баса айтқан еді. Тоқаев тарифтердің өсуі мәжбүрлі қадам деп түсіндірді. Себебі бұрынғы арзан тариф саясаты шын мәнінде халыққа емес, ірі кәсіпорындар мен делдалдарға тиімді болған.