USD
USD
USD

2027 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру талаптары өзгереді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау және төлеу тәртібі өзгереді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Ақша
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы мен өңірде белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырмаға қарай есептеледі. Ал кедейлік шегі халықтың медианалық кірісі негізінде айқындалады. Өңірлер бойынша оның мөлшері тоқсан сайын есептеледі.

Көмек кімдерге беріледі?

Құжатта АӘК-тің шартсыз және шартты ақшалай көмек түрлері қарастырылған.

Шартсыз ақшалай көмек зейнет жасына жеткен, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ денсаулығына байланысты жұмыспен қамту шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі табысы аз азаматтарға беріледі. Бұған қоса, еңбекке қабілетті мүшесі жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар адамды не күтімге мұқтаж қартты бағып отырған отбасылар да осы санатқа жатады.

Ал шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті, табысы аз азаматтар мен тиісті талаптарға сай отбасыларға тағайындалады. Мұндай жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу іс-шараларына қатысу талап етіледі. Әлеуметтік келісімшарт жасасу да міндетті.

Сонымен бірге құжатта кейбір азаматтар үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес екені көрсетілген. Олардың қатарында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлімде оқитын оқушылар мен студенттер, екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыз болуы мүмкін ауруы бар азаматтар, үш жасқа дейінгі баланы немесе күтімді қажет ететін адамды бағып отырған адамдар бар.

Бір отбасында үш жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар адамды немесе күтімді қажет ететін сексен жастан асқан қартты бағып отырған еңбекке қабілетті адам ретінде тек бір отбасы мүшесі ғана есепке алынады. Ал тұрақты жұмысы бар азаматтардың жұмыспен қамту шараларына қатысуы міндетті талап болмайды.

Қандай жағдайда АӘК беруден бас тартылуы мүмкін?

Қаулыда учаскелік комиссия отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екені туралы қорытынды шығара алатын бірқатар өлшемшарт көрсетілген.

Олардың қатарында:

  • Отбасы мүшелерінің біріне шаққанда тұрғынжайдың жалпы пайдалы ауданы 18 шаршы метрден аспайтын және құжатта көзделген өзге де ерекшеліктерді қоспағанда, бірнеше тұрғынжайдың болуы. Бұған өтініш берілгенге дейінгі бес жыл ішінде иеліктен шығарылған, тұруға жарамды тұрғынжай да кіреді.

  • Табыс табу мақсатында пайдаланылатын бөлек үй-жайдың болуы.

  • Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы. Жергілікті атқарушы орган тегін берген жер учаскесі бұған жатпайды.

  • Біреуден көп техникалық жарамды жеңіл автокөліктің болуы. Алайда меншігінде бір немесе екі көлігі бар көпбалалы отбасыларға және құрамында мүгедектігі бар балалар не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларға бұл өлшемшарт қолданылмайды.

  • Өтініш берер алдындағы тоқсанда банктік шоттардағы шығыс операцияларының жиынтық сомасы отбасының әр мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен асуы.

  • Ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздар мен микрокредиттердің белгілі бір мөлшерден артық ресімделуі.

  • Бір отбасының тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасынан басқа банктік салымдарында 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) артық қаражаттың болуы.

Сонымен бірге техникалық жарамды ауыл шаруашылығы техникасы, жолаушы немесе жүк тасымалына арналған көлік, арнайы автомобиль, сондай-ақ теңіз, ішкі су немесе әуе көлігінің болуы да көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде ескеріледі.

Учаскелік комиссия осы өлшемшарттардың біреуі немесе бірнешеуі анықталған жағдайда отбасының АӘК-ке мұқтаж еместігі туралы қорытынды шығара алады.

2027 жылдан бастап не өзгереді?

Жаңа ережелер әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау жүйесінің бір бөлігі болмақ.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының мұқтаждығын кешенді бағалау енгізілетінін хабарлаған.

Бұл ретте мемлекет азаматтардың белгілі бір әлеуметтік санатқа жататынын ғана емес, үй шаруашылығының жалпы әл-ауқатын да ескереді.

Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қазір оқып жатыр

160 мың тоннадан астам мұнай өнімі шетелге танкермен заңсыз тасымалданған

мұнайды заңсыз экспорттау

«Коммуналка мемлекет мойнында емес»: депутат қызметтік пәтерінің шығынын айтты

коммуналка

Қазақстандық велоспортшылар V Азия Пара ойындарында ел қоржынына қос алтын салды

Пара велоспортшылар

Павлодарға бет алған FlyArystan ұшағы Алматыға кері қайтты: рейстің тоқтау себебі белгілі болды

әуе рейсі