9 Қаңтар 09:00
...

2026 жылы қай тұлғалардың мерейтойы аталып өтеді?

gov.kz
Фото: gov.kz

Биыл қазақтың бірқатар көрнекті тұлғасының мерейтойлары тойланбақ, деп жазады BAQ.KZ.

Астана, NEGE. 2026 жылы Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толады. Ол қазақ мемлекеттілігі идеясының негізін қалап, ел мүддесін саяси күрестің өзегіне айналдырған тарихи тұлға ретінде танылды.

Сондай-ақ осы жылы ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толмақ. Ол – қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған қайраткер.

Ғылым мен әдебиет

2026 жылы ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Оның этнография, тарих және мәдениет саласындағы еңбектері қазақ халқын әлемге танытты.

Ақын, айтыскер, аңыз адам Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толса, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толмақ. Ал ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа келеді.

Өнер, мәдениет және ғылым

2026 жылы қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл, ал қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толады.

Саз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған композитор Кеңес Дүйсекеев пен поэзиядағы сыршыл әрі отансүйгіш жырларымен танылған ақын Күләш Ахметованың туғанына 80 жыл болады. Ал қазақ киносының шамшырағы Меруерт Өтекешова биыл 75 жасқа толады.

Қазақ спорт тарихындағы дара тұлға, әлемге танылған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толса, қазақ спортын әлемге танытқан палуан Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 75 жыл болмақ. 

Жылқы жылында ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаев туғанына 75 жыл болса, осы жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жас мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілмек. 

Тарихи тұлғалар мен тағдырлы оқиғалар

2026 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толады. Оның ерлігі мен қайсарлығы азаттық жолындағы күрестің символына айналды. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады.

29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл – Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы тарихи шешімі ретінде әлемдік қауіпсіздікке қосқан зор үлесі.

Бұдан бөлек Қазақ КСР атауының Қазақстан Республикасы болып өзгертілгеніне 35 жыл, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғанына 35 жыл толады. Бұл шешім ел тарихындағы шешуші кезеңдерді еске салатын маңызды даталар болып есептеледі.

Сонымен бірге 2026 жылы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 190 жыл толады. Бұл қозғалыс қазақ халқының отарлық езгіге қарсы күрес рухын айқын көрсеткен тарихи оқиға ретінде бағаланады.