2025 жылы Алматыда 24 білім нысанының құрылысы аяқталды
Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың қатысуымен білім беру саласындағы іске асып жатқан жобаларға арналған брифинг өтті.
2025 жылы Алматыда барлығы 24 білім нысанының құрылысы аяқталды. Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 500 оқушы орнына арналған 12 жаңа оқу мекемесі бой көтерді. Оның ішінде 7 білім ордасы жаңа оқу жылының басында ашылды.
Ашылған білім мекемелері қатарында:
- №217 – «Самғау» ш/а (2000 орын),
- №218 – «Қарасу» ш/а (2000 орын),
- №219 – «Теректі» ш/а (2000 орын),
- №214 – «Нұрлы дала» ТК (1500 орын),
- №216 – Райымбек даңғылы, 210 (1500 орын),
- «Ақбұлақ» шағын ауданындағы оқу кешені (1500 орын),
- №215 – Розыбакиев–Левитан көшелерінің қиылысы (1500 орын) білім ордалары бар.
Екінші тоқсанда «Құрамыс», «Шұғыла», «Қарағайлы» шағын аудандарында және C.Әшімов пен Егізбаев көшелеріндегі 5 заманауи оқу ордасы іске қосылады.
Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен 11,7 мың оқушыға арналған 8 оқу ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бұл білім нысандарын қала әкімдігі кейін сатып алып, келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа оқу орындары негізінен оқушы орны жетіспейтін, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарда салынған. Бұл – жаңа форматтағы, заманауи жабдықтармен қамтылған, балаларға барынша қолайлы білім кеңістігі.
Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 900 орындық, жатақханасы бар Абай атындағы мектеп-интернат салынды. Сондай-ақ Алатау және Наурызбай аудандарында 890 орындық екі жаңа оқу нысанының құрылысы жалғасып жатыр.
Бейбіт Шахановтың айтуынша, қалада 17 білім ордасында қауіпсіздік пен сапаны арттыру мақсатында реконструкция және сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілуде, ал 5 оқу орны (№161, 33, 10, 189, 191) толық жаңартылды. Сонымен қатар 30 нысанның жөндеу жобалары дайындалуда, оның 26-сы «Мектептерді реновациялау» бағдарламасы аясында іске асырылады.
Кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Алматыдағы оқушы орны тапшылығы 34 мыңнан 5–6 мыңға дейін азаяды деп күтілуде.