2025 жылдың екі айында іздеуде жүрген 311 адам ұсталды

2025 жылдың екі айында Ішкі істер министрлігі еліміздің құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген 311 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Оның ішінде: кісі өлтіргені үшін – 7 адам; қарақшылық шабуыл жасағаны үшін – 1 адам; денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін – 6 адам; тонау жасағаны үшін – 7 адам; бопсалау қылмысы үшін – 1 адам; ұрлық үшін – 75 адам; есірткімен байланысты қылмыстар үшін 10 адам қамалды.
Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 145 адамның жүрген жері анықталды.
«Өткен жылы Астана қаласында тұратын азаматтың автокөлігін ашық түрде тартып алған 40 жастағы ер адам Түркістан облысында ұсталды. Маңғыстау облысында 50 жастағы ер адам құрықталды. Ол былтыр жазда тоғыз келіден астам гашиш сатқан», – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Қазақстан полицейлері ТМД және алыс шет елдер үшін 85 қылмыскерді ұстады.
«Мысалы, Түркістан облысында мемлекеттік шекарадан өтпек болған кезде екі жыл бұрын Мәскеу тұрғынын өлтіргені үшін іздеуде жүрген 42 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Сондай-ақ Жамбыл облысында шетел азаматы ұсталды. 2014 жылы Тәжікстан полицейлері одан 72 келіден астам гашиш тәркілеген, - деді Қанат Нұрмағамбетов. Спикердің сөзінше, шетелдік әріптестермен тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде, соның нәтижесінде республикадан тыс жерлерде іздеуде болған 21 адам анықталып, ұсталды. - Польшадағы Варшава әуежайында ер адам ұсталды. Ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарын алдап, бір миллиондай АҚШ долларын қолды еткен. Түркия Республикасының Анталья қаласында 39 жастағы әйел ұсталды. Ол да алматылық тұрғындарды алдап, 146 мың АҚШ доллар алған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді полиция полковнигі.