19 Сәуір 04:33

2024 жылғы Париж Олимпиадасын ұйымдастырушылар барлық спорт түріне билет сатылымын жариялады

Олимпиада
Фото: ғаламтордан

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті спорттық іс-шараларға билеттердің жаппай сатылымы басталғанын жариялады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Акция кеше, 17 сәуірде басталды. Ұйымдастырушылар билет сатып алып үлгермеген жанкүйерлерге сыйлық жасап, Олимпиаданың басталуына 100 күн қалуын атап өтуді жөн көрген.

Бірқатар спорт түрлерінде билет сатылымы тоқтатылған еді. Акция арқылы туристер мен жанкүйерлерге олимпиадалық жарыстарды көруге соңғы мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін барлық спорт түрлеріне, соның ішінде орындар толық сатылып кеткен жарыстарға 250 мың билет сатылымға шығарылды.

Билеттердің ең төменгі бағасы – 24 еуро. Ұйымдастырушылар мұндай билеттердің 20 мың данасын ұсынып отыр. Қалғандарының құны спорт түріне байланысты болады және шамамен 1000 еуроға дейін барады.

Оларды әлі де интернет арқылы тек ресми билет платформасынан сатып алуға болады. Қонақжайлық пакеттері де бар, онда билеттермен бірге тұрғын үй ұсынылады. Жанкүйерлер деңгейіне байланысты кез-келген орналасатын жерді таңдай алады, әртүрлі экскурсиялар мен интерактивтерге жазылу мүмкіндігі де бар.

Мұндай пакеттерді сатып алғандар үшін Clubhouse24 қолжетімді болады. Бұл – Олимпиада өтетін орынның әртүрлі бөлігінде орналасқан 200 арнайы алаң. Жанкүйерлерге Франция тағамдарымен танысу, спортшылардың мен әртістердің өнерін тамашалау, жарыстарды көру және т.б. ұсынылады.

Туристер Париж тынысымен танысуы үшін үшін санаттар бойынша арнайы пакеттер жинағы дайындалған: тарих және мәдениет, тамақ пен шарап, сән және стиль, заманауи Париж, отбасылық, белсенді және сауықтыру демалысы.

Қонақжайлық пакеттерін On Location платформасы арқылы сатып алуға болады, ол үш-бес жұлдызды рейтингі бар бірқатар қонақүйлермен және топтармен жұмыс істейді, оның ішінде ойындарды ұйымдастыру комитетінің серіктесі Accor да бар. Айта кетерлігі, жиынтыққа әуе билеттерінің құны кірмейді.

Олимпиада және Паралимпиада ойындарына билеттердің жалпы саны 13 миллионнан асады.

Айта кетерлігі, билеттер платформаға жүгіну кезегі бойынша сатылады. Сондықтан үлгергіңіз келсе, асыққан жөн. Бұл орындар түгел сатылып кеткен спорт түрлерінде билетке қол жеткізудің соңғы мүмкіндігі.

2024 жылғы Олимпиада ойындары Парижде 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.