2024 жылдың күз айында қандай түстер сәнде?
Жаймашуақ жаз айының аяқталуына бірер күн қалды. Десе де, сән әлемінің сарапшылары 2024 жылдың күзінде қандай түстердің трендте болатынын жариялап үлгерді.
Жыл сайын дизайнерлер, сәнгерлер және сұлулық индустриясының өкілдері Pantone Түстер Институтының тренд түстердің тізімін жариялауын күтеді.
Pantone – бұл 1963 жылдан бастап аттас компания әзірлеген түстер моделі. Компания 50 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлем бойынша трендтерді бақылауында ұстап келеді. Барлық реңктер белгілі бір формула бойынша жасалады және жеке нөмір беріледі.
Институт жетекші сән үйлердің сән қойылымдарына назар аударады. Сарапшылар алдағы жылы қандай реңктердің өзекті екенін зерттеп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі сатып алушылардың таңдауын бақылайды. Олар таңдаған жыл түсі – жаһандық мәдениет пен қоғамның көңіл-күйінің көрінісін айқындайды.
Ендеше, назарларыңызға 2024 жылдың күз айына арналған сәнді түстердің топтамасын ұсынамыз.
Tomato Cream ( Кремді қызанақ реңкі)
Бұл реңк – күз маусымының нағыз сәні. Ең шырынды қызанақты елестетіп көріңіз, оған кішкене кілегей қосыңыз – міне, нағыз қызанақ кремі шығады. Түсі сырт киімдерге өте қолайлы. Мәселен, осы түстегі пальтоны немесе күртешені киіп шықсаңыз, күзде ең сәнді бикешке айналасыз. Оны өзге түстермен үйлестіргіңіз келсе ақ, сұр сияқты бейтарап реңктерді таңдаңыз. Бұл түс гардеробыңызға жарық пен жайлылық қосады.
Golden Palm (пальма бұтасы түстес реңк)
Алтын пальма бұтағының жылтырына ұқсайтын жылы және бай реңк. Бұл түс күзде түскен күн сәулесін еске түсіреді. Өз гардеробына сән-салтанат қосқысы келетін талғампаз жандар үшін таптырмас таңдау. Бұл түсті қою жасыл және көгілдір түстермен немесе ақ пен ашық реңктермен үйлестіруге болады.
Red Orange (Қызыл-қызғылт сары)
Гардеробыңызға энергия сыйлайтын реңк. Red Orange түстегі киімдер тартымдылығыңызды аша түседі. Осы реңктегі сөмкені немесе аяқ киімді таңдап көріңіз, келбетіңіз бірден жаңа түстермен жарқырайды.
Бұл реңк көбінесе бейтарап түстермен үйлесімділік табады.
Жасыл
2024 жылдың күз маусымына жасыл түстің барлық реңкі таныстырылды. Сәнгерлерді таң қалдырғаны Миландағы подиумда жиі кездескен түстердің бірі жасыл болды. Көбіне жаз айында қолданылатын түстің қою реңктері күз-қыс маусымының коллекцияларын толтырды.
Ашық түсінен бастап жасылдың қанық реңктері күздің негізгі сәніне айналды. Әсіресе, жасыл түсті пальтолар трендте. Нәзік ашық жасыл реңк күзгі ормандағы серуендеуді еске салады. Сол себепті бұл реңкпен базалық түстерді керемет үйлестіруге болады.
Жасыл түс сіздің стиліңізге немесе дизайныңызға сергектік қоса отырып, тыныштық пен үйлесімділік сыйлайды.
Winter Sky (Қысқы аспан)
Қысқы аспанның сұлулығынан шабыттанған балғын және нәзік реңк. Атауына қарамастан, мөлдір көк түс күзгі палитраға тамаша сәйкес келеді.
Ол адамға балғындық пен тыныштық сыйлайды. Winter Sky келбетіңізге немесе дизайныңызға жеңілдік пен нәзіктік қосады. Қоңыр түстің жылы реңктерімен жақсы үйлеседі, ал сары түспен күтпеген және көз тартарлық реңк береді.
Dark Gull Gray (Қою сұр)
Гардеробыңыздағы кез келген киіммен керемет үйлесе кететін әмбебап түс. Dark Gull Gray кез келген образға жоғары талғам қосады. Бұл түс жинақылық беретін сәнді оброздарды жасауға өте ыңғайлы. Сол себепті пальто, шалбар, күртеше мен көйлектердің негізгі түсі ретіндетаңдауға болады.