«2024 – біз үшін қарғыс жылы» – Көріпкел Хава
Жуырда NEGE порталында көріпкел Кажеттаның сұхбаты жарияланған еді. Іле-шала редакцияға тағы бір көріпкел Хава Роговахабарласты.Өз ойын білдіруге асыққан көріпкелдің азды-көпті болжамын жариялауды жөн көрдік.
– Еліміздің батыс өңірін су басып жатыр. Қаншама адам баспанасынан, дүние-мүлкінен, малынан айрылды. Бұл табиғи апат па, әлде өзіміз жіберген қателіктен туындады ма? Мұның зардабы қанша уақытқа созылады?
– Су тасқыны болған өңірлердегі халыққа оңай соқпады. Бұл – табиғи апат. Мұның зардабы жыл аяғына дейін созылады. Одан бөлек дәл осы сумен байланысты тағы да мәселе туындайды. Осы жыл ішінде кей қала маңында су деңгейі көтеріліп, тұрғындар қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Себебі, 2024 жыл – біз үшін қарғыс жылы, ауыр жыл болады.
– «Су тасқынына адамдардың пейілінің тарылып кетуі себеп, бұл да Құдайдың белгісі» деген пікірлерді көзіміз шалып жүр...
– Бұған адамдардың ниетінің бұзылып, пейілінің тарылып кеткені ғана себеп емес. Бірінші кезекте, біз қарғыс жылын бастан өткізіп жатырмыз. Оған қоса Жер-ана да әбден шаршады, тозды. Сондықтан да су тасқыны, жер сілкінісі тіркелді. Алдағы уақытта алапат өрт күтіп тұр. Осының бәрі бір жыл ішінде болады.
– Соңғы кезде Алматыда жер сілкінісі жиі тіркелуде. Алдағы уақытта қандай да бір жойқын зілзала болуы мүмкін бе?
– Бізге алдын ала белгі береді. Бірақ өзім қауіпті белгіні 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басынан көріп тұрмын. Алайда, биыл жойқын зілзала болмаса да, Қазақстанда алдағы үш жылда ауқымды өзгеріс болады.
– Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2 жылдан асты. Аяқталар түрі жоқ. Кім жеңеді, кім жеңіліс табады? Бұл соғыстың Қазақстанға әсері қандай? Кейбір саясаткерлер Ресей Украинадан кейін Қазақстанға соғыс ашуы мүмкін деген пікір айтады. Сіздің болжамыңыз қандай?
– Қазақстан мен Ресей арасында кикілжің туындайтындай ауқымды мәселе көріп тұрғам жоқ. Ресей мен Украина арасындағы соғыс – өте нәзік, саяси мәселе. Биыл соғыс бітпейді. Әлі де жалғаса береді. Аяғы не болатынын уақыт көрсетеді.
– Ресейдің болашағы қандай?
– Ресейді жарқын болашақ күтіп тұр. Индустрия саласы қарқынды түрде дами түседі. Тіпті, шекарасы да, жері де кеңеюі мүмкін. Алдағы 5 жылда Ресейді жақсы, айтулы өзгерістер күтіп тұр. Саясатта да серпіліс болады.
– Қазақстан билігінде қандай өзгеріс болмақ? Билікке қандай адамдар келуі мүмкін? Назарбаев кланының билікке ықпалы бар ма?
– Назарбаевтың уақыты өтті. Бәрі де өткен шақта қалды. Қазақстан қазір Назарбаев дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқ. Билік бірте-бірте тазарып, жаңа кадрлар келе береді. Бір сөзбен айтқанда, билік түп-тамырымен ауысады. Бізді жаңа болашақ күтіп тұр. Осы жағы айқын көрінеді.
– «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» орнатуға қанша уақыт керек деп ойлайсыз?
– «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» орнату үшін бізге үш жылдан бес жылға дейін уақыт қажет. Қазақстанның ішкі саяси билігінде де үлкен өзгеріс болады. Дәл қазір бізге осы 2024 жылдан аман-есен өтуіміз керек. Неге десеңіз, 2024 – Қазақстан үшін өте ауыр жыл. Тіпті, астролог, нумерологтар да осы жылдың қарғыс жылы екенін айтып жүр. Соған байланысты жылдың ауыр соғатынын болжап отырмыз.
– Елімізде соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр. Жалпы, қоғамда ізгі қасиет пен адами құндылықтың төмендеп кетуіне не себеп?
– Адами құндылықтар неге төмендейді? Қоғам неге мейірімсізденіп барады? Бұл жерде мәселе тек отбасындағы зорлық-зомбылыққа ғана тіреліп тұрған жоқ, қазір адамгершілік, мейірім, жанашырлық, үлкенге құрмет көрсету жағы әлсіреп кетті.
Тақырыпқа орай: «Лауазымды адамдар Бишімбаев сияқты отбасылық мәселемен хабарласады...» – Көріпкел
Біз қанша жерден байқамасақ та, тұрмыстық зорлық бұрын да болған. Соны өмір сүру салтына енгізіп келген отбасы көп. Тіпті, кейбірі мұны қалыпты жағдай санауы мүмкін. Алайда, қазір әйелдер бас көтеріп, құқығын қорғап, талап ететін жағдайға жетті. Әйел ретінде мұны құптаймын. Бәлкім, бұған қоғамда осы мәселенің ашық айтыла бастағаны, заңдық жауапкершілікке тартылып жатқаны себеп шығар. Меніңше, осы тұрғыда зорлық-зомбылық Қазақстан қоғамында ғана бар ма, әлемде қай деңгейде, олар бұл баспалдақтан қашан өтті, бізге сол өмірге жету үшін не істеу қажет, осы жағын да саралап көру керек.
– Бишімбаевқа қатысты сот процесін бүкіл халық онлайн түрде көріп, қадағалап отыр. Ол өз сөзінде көріпкелдің көмегіне жиі жүгінетінін айтты. Жалпы, сізге лауазымды адамдар, шенеуніктер, кәсіпкерлер көмек сұрап келе ме? Олар қандай мәселемен, мақсатпен келеді?
– С.Нүкенованың отбасы үшін ауыр жағдай. Бірінші кезекте Салтанаттың ата-анасына, отбасына, жақындарына көңіл айтамын. Бишімбаевқа келсек, ол да басқалар сияқты көріпкелдің көмегіне жүгінген сияқты.
Жалпы, бізге шенеуніктер де, лауазымды тұлғалар да, кәсіп өкілдері де хабарласады, кеңес алады. Олар да осы жер бетінде өмір сүріп жатқан адам ретінде қызметінде, өмірінде кедергілерге тап болады. Жеке отбасылық мәселе бойынша, кәсібін алға сүйреу үшін көмекке жүгінеді. Мұны кәдімгі адекватты әрекет деп қабылдау керек.
Магия ерте заманнан болған және бола беретіні ешкімге құпия емес. Бұған дейін де адамдар жариялы түрде бармаса да, көріпкелге, бақсы-балгерге тікелей келіп, кеңес алып, жанына желеу ететін. Қазір біз бәрі ашық, бәрі өзекті, бәрі қолжетімді ХХІ ғасырда өмір сүретін болғандықтан мұны анық көріп отырмыз.