27 Желтоқсан 12:36
...

2023 жылы әлемде қандай оқиғалар болды?

Фото:

2023 жылы әлемде бірнеше ірі саяси және қоғамдық маңызды оқиғалардың болуымен тарих беті толықты. Украинадағы соғыс жалғасып, ХАМАС Израильге шабуыл жасады, ал Таулы Қарабақ Әзербайжан териториясына қосылды.

Украинадағы соғыс және Путин

Фото: pexels.com

2022 жылы ақпанда тұтанған соғыстың жалғасып келе жатқанына екі жылға жуықтап қалды. Ресей шабуылын тоқтатқан жоқ, Украина да қорғанысын күшейтіп жатыр. Десе де, қазір Украинаға әлемнің назары бұрынғыдай емес. АҚШ пен Батыстың әскери көмегі баяулап, Украинаның Еуроодаққа кіруіне байланысты келіссөздер жүргізіле бастады. Сонымен қатар, Украина әскер санын тағы 500 мыңға толықтыруға күш салып жатыр.

О баста Ресей «Киевті үш күнде аламыз» деп мәлімдеген, алайда ол жоспар іске асқан жоқ. Желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин журналистер мен тұрғындардың сұрағына тікелей эфир арқылы жауап бергенде: «Біз мақсатымызға жеткенде ғана бейбітшілік орнайды», – деп Ресей соғысты тоқтатпайтынын айтқан.

Сонымен қатар тікелей эфирде Путин президент сайлауына қайтадан түсетінін мәлімдеді. 17 наурызда өтетін сайлауда ол жеңіске жетсе, 5-мерзімін бастайды. Айта кетейік, Владимир Путин Ресей Федерациясын 23 жылдан бері басқарып келеді.

Ал ГААГА Халықалалық қылмыстық соты Путинді және сонымен бірге Ресейдің Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берді. ГААГА соты оларды «Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады» деп айтыптаған.

Таулы Қарабақ Әзербайжан территориясына қосылды

Фото: ria.ru

Қыркүйектің соңында Әзербайжанның әскери операциясынан кейін, 30 жылға жуық Армениямен қақтығыс нысанына айналған Таулы Қарабақ аймағы тұтастай Әзербайжанның иелігіне өтті. Келісім Әзербайжан өкілдері мен Ресей бітімгерлерінің келіссөздері нәтижесінде жасалды.

Мойындалмаған «Таулы Қарабақ республикасының» басшысы Самвел Шахраманян келер жылдан бастап сепаратистік құрылымды жою туралы жарлыққа қол қойып, республикадағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар таратылды.

Сондай-ақ, Таулы Қарабақ тұрғындарына «Лачин» дәлізі арқылы көлікпен еркін өтуіне жағдай жасалатыны, Таулы Қарабақ халқына Әзербайжан жағының «реинтеграция шарттарымен танысу бойынша» кеңес берілгені хабарланды.

Армения үкіметі 28 қыркүйекте таңертеңге дейін Арменияға Таулы Қарабақтан 65 мыңнан астам адам қоныс аударғанын мәлімдеді.

Сарапшылардың кейбірі осы «уақытқа дейін Арменияны қолдап келген Мәскеу Украинадағы соғыстан бас көтере алмай, Ереванға қолдау көрсетпей қалды» деп топшылайды.

Газа секторындағы қақтығыс

Фото: ТАСС

2023 жылы 7 қазанда Газа секторында ХАМАС содырлары ондаған адамды өлтіріп, елу шақты адамды кепілге алды. 18 сағаттан соң Израиль әскерилері оларды босатып алды. Құтқару кезінде ХАМАС-тың 4 содыры қаза тауып, Израиль әскерінен 3 адам жараланды. Одан кейін Израиль Газадағы нысандарға әуеден соққы жасап,17 Хамас әскери нысаны мен төрт жедел командалық орталыққа зиян келді. Сөйтіп Газа секторында соңғы 50 жылда болмаған қарулы қақтығыс басталды.

Бүгінгі күні ақпарат көздері соғыс саябырлағанын хабарлады.  Алайда, соңғы дерек бойынша 7 қазаннан бері Газа секторында 20 мыңнана аса бейбіт тұрғын қаза тауып, 53 мыңнан аса адам жараланды. Израиль мен Палестина әскерилері арасында шығын аз емес. Бұл – Газа секторындағы ең ұзаққа созылған соғыс.

АҚШ, Қытай және С5+1

Фото: president.kg

2023 жылы геосаяси әлемдегі ірі ойыншылар Қытай мен АҚШ-та жаңалық аз болған жоқ. Жыл басында Қытайдың шпиондық шары АҚШ аспанын барлап, «бостандық елінің» тынышын біраз қашырған. Қарашада екі ел президенттері Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесіп, екі держава арасында әскери байланысты жандандыру, сауда-экономика мен қарулы қақтығысты болдырмау, есірткі саудасымен күрес мәселелері және жасанды интеллектіні дамыту бойынша әңгімелесті. Бұл олардың бірнеше жылдан кейінгі алғашқы кездесуі болды.

Күзде Орталық Азия президенттері тұңғыш рет АҚШ лидерімен  кездескенін де айта кеткен жөн. С5+1 форматында Орталық Азия президенттері Джо Байденмен жолығып, Байден аймақ елдерімен шекара қауіпсіздігі, терроризммен күрес және құқық қорғау құрылымдары мәселесі бойынша ынтымақтастықты жалғастыру туралы сөйлесті.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың белді компаниялары мен банк басшыларымен кездесіп, Қазақстанға инвестиция тарту мәселелерін талқылады. 

Сонымен қатар, биыл Германияның федералды канцлері Олаф Шольц та аймақ басшыларын қабылдады.

Орта Азия президенттерімен С5+1 форматында кездесуді Қытай мен Ресей көшбасшылары да жиі өткізіп тұрады.

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі

Фото: AFP

6 ақпанда Туркия мен Сирия шекарасында магнитудасы 7,8 және 7,6 балдық  жойқын жер сілкінісі болып, салдарынан 50 мыңнан аса адам қайтыс болды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, апаттан 23 млн-ға жуық адам зардап шеккен. Ал экономикалық шығыны 20 млрд доллардан асты. Апат орнына әлемнің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізілді.

Дүмпудің ошағы Туркиядағы Газиантеп қаласының маңайы және Сирияда Латакия мен Хама қалаларында тіркеліп, ең көп шығын Туркияда болды.

Қырғызстан туын өзгертті

20 желтоқсанда Қырғызстан үкіметі еш талқылаусыз, екінші және үшінші оқылымнан-ақ туын өзгертіп жіберді. Бұл шешім халық арасында наразылық тудырып, Қырғызстанда бұдан да маңызды мәселелер жетерлік екенін айтып жатты.

Депутаттар «Қырғызстан рәмізін өзгертудегі басты себеп, тудағы күн бейнесі күнбағысқа ұқсайды, күнді өсімдікпен шатастырмас үшін шапағын тік етіп бейнеленді» деп отыр.

Айта кетейік, Қырғызстан туын өзгерту бастамасы мемлекет президенті Садыр Жапаровтың әкімшілігінен түскен ұсыныс болған.

2023 тарихтағы ең ыстық жыл

Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Дубайда өткен климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ негіздемелік конвенциясының 28-конференциясында биылғы жыл – 120 000 жылда болмаған адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болғанын мәлімдеді. Биыл өрт, су тасқыны мен аптап ыстықтан жапа шеккен елдер көп екенін де ескертті.

Климаттың өзгеруін зерттейтін «Коперник» қызметі ең ыстық күн биыл 6 шілдеде тіркелгенін хабарлады.

Тегтер: