Депутаттар 2023 жылды қалай өткізді?
Бүгін Парламент Мәжілісінде 2023 жылдың соңғы отырысы өтті. Биылғы сессия басталғалы барлығы 106 заң жобасы қаралып, 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілген. Оның 26-на мемлекет басшысы қол қойыпты. Парламент қабырғасында барлығы 233 депутаттық сауал жолданған.
Депутаттар 2023 жылды қалай қорытындылағаны туралы NEGE тілшісіне айтып берді.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова:
«Біз 2023 жылда болған барлық оқиғаға дер кезінде Парламент мінберінен мәселе көтеріп отырдық. Алда Үкіметпен әлі де көптеген мәселені шешетін боламыз. Дегенмен, нәтижелі, әрі ауқымды жұмыс атқарылды деп ойлаймын.
Өзімнің қанша депутаттық сауал жолдағаным есімде жоқ. Бірақ менің бастамаммен «отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тануға» байланысты депутаттық сауал жолданып, заң жобасы әзірленді.
Бұдан бөлек, «PISA-ға, оның қорытындысына және PISA-дағы оқу сауаттылығын арттыруға» байланысты депутаттық сауал жолданды. Сонымен қатар PIRLS халықаралық зерттеулердің нәтижесінде «кітапхана жұмысының жаңа мазмұны, кітапханашылардың мәртебесін ерекше заңмен бекітуге» байланысты үшінші депутаттық сауалды да жолдадық.
Бүгін біз жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеу, ғылыми-техникалық конструкцияға бөлінетін қаражаттың ашықтығын орталықтандыруына байланысты депутаттық сауал жолдадық.
Қазір өзім еңбек қатынастарына байланысты ізденіп жатырмын. Өздеріңізге белгілі, қазір еңбек нарығы өзгерді. Жаһандық өзгерістер еңбек нарығына елеулі әсер етуде. Қазір бізде жұмыс орындары да көп, сонымен қатар жұмыссыздардың да саны басым. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарына да талап өсіп жатыр. Соған байланысты мен өзім «Астана тазалық» компаниясының жұмыскерлерімен кездестім, одан кейін, поштаның сұрыптау бөлімі қызметкерлерімен жолықтым. Қазіргі таңда азаматтық қызметшілердің орташа айлығын көтеруге байланысты жұмыс тобындамын. Сондықтан мен қаңтардан бастап, еңбек нарығына, еңбек қатынастарындағы құқық пен еңбек орындарындағы қауіпсіздікке байланысты тағы да бір пакет заңнамалық өзгерістерді әзірлеудемін. Соған арнайы жұмыс істейтін боламын», - дейді депутат.
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов:
«2023 жыл өте жақсы өтті деп айта аламын. Көптен бері іске асырсам ба деп жүрген жобаларым бар еді. Олар – депутаттық сауалдар, бірнеше заңға жетекшілік жасау және топ мүшесінде жұмыс істеу. Осылардың барлығын өз деңгейінде атқарып өттім. Негізі депутат болып келгелі бері, тікелей өз атымнан 4 сауал жолдадым.
Оның негізгі бағыттары – білім саласы, автожолдар мен жол-көлік оқиғаларына және ауылшаруашылығына байланысты болды. Одан бөлек 10 заң жобасының жұмыс тобында мүшемін. Атап өтетін болсам, бүгін ғана екінші оқылымнан Сенатқа жолданған «бизнес жүргізу туралы» заң жобасы. Бұл көлемі жағынан ең ауқымдысы болып есептеледі. Еліміздің экономикасының тұрақтануында бизнестің рөлі өте жоғары. Егер шын мәнінде бизнеске осы заңда көрсетілгендей жеңілдіктер жасайтын болсақ, елдің табысы артады. Сондықтан қабылданып жатқан заңдардың барлығы халық үшін. Әлі жүзге жуық заң жобасы Парламент қабырғасында талқыланып жатыр.
Алдағы жылы «агробанк» құру мәселесі мен азық-түлік қауіпсіздігі заңын жүзеге асыру мәселесі біздің басты назарымызда болады. Өйткені, егер Ресей мен Белоруссиядағы сияқты «агробанк» құрылатын болса, онда біздің диқаншыларымыз бен фермерлеріміздің қаражатқа қол жеткізуі біртабан жоғарылайтын еді. Өйткені біздің фермерлеріміз бен диқандарымызды қаржы мәселесі қинап отыр. Микрокредиттік ұйымдардан немесе екінші деңгейлі банктерден қаржы алуы үшін кепілдік беруі керек. Оның бағасын төмен қойып тастайды. Одан бөлек заңға да бірнеше өзгеріс енгізу керек», - деді депутат.
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза:
«Мен биыл екі депутаттық сауал жолдадым. Біреуі, автотұрақтар мәселесі, екіншісі қоқыс мәселесі. Өз басым жыл жаман өткен жоқ деп есептеймін», - деді мәжілісмен.