2021 жылы Алматыға қанша млрд инвестиция тартылды?
Алматыдағы Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында брифинг өтті.
Алматы, NEGE. «Жыл басынан бері Алматыға 803 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары. Тауар айналым 3,5%-ға артқан. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3 пайыздан асуы мүмкін. ЖІӨ-дегі ШОБ-тың үлесі 52%» , – деді кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Сонымен қатар, ол бүгінде Іскерлік кеңестің құрылымында мегаполис үшін жеті басым бағыт бойынша сегіз салалық комитет бар екенін тілге тиек етті.
«Ақылды қала», шетсіз қала, бастамаларға арналған қала, қауіпсіз қала, «жасыл» қала, мәдени креативті қала, Қазақстанның іскерлік астанасы. Биыл 30-ға жуық отырыс өткізілді. Өткен жылы пандемия кезінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Іскерлік кеңеспен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, дағдарысқа қарсы қолдау шаралары әзірленді. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға бірқатар өзгерістер енгізілді – қаржыландыруды ұлғайту, салалық шектеулерді алып тастау, микро және шағын кәсіпкерлікті несиелендіру үшін жаңа бағыттарды енгізу, - деді Еркебұлан Оразалин.
Сондай-ақ, «Алматы бизнес» өңірлік бағдарламасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оның ішінде Алатау, Наурызбай, Жетісу, Түрксіб сияқты қаланың белсенді емес аудандарында бизнесті дамытуды ынталандыру мақсатында 6% республикалық біріздендірілген мөлшерлеме аясында оларға 5%-бен кредит беру мүмкіндігі берілді.
Бұдан өзге, дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Алматы Финанс» ЖШС және «Алматы» МҚҰ» ЖШС екі қаржы институтындағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, ең жоғары сома 300 млн-нан 500 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, кепілсіз несиелеу енгізілді және салалық шектеулер алынып тасталды.