31 Желтоқсан 10:26
...

Жылдың үздік концерттері

Фото:

Биыл эстрада жұлдыздары үшін табысты болды. Өнер иелері жеке шығармашылық кештерін жарыса ұйымдастырды. Кейбіреуі мерейтойын сахнада атап өтсе, енді бірі тың форматта шоуға толы концерт беріп, тыңдармандарының қошеметіне бөленді. Ендеше, 2019 жылы ел аузында жүрген кештердің тізбегін назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен  Қазақстанның Америкадағы мәдениет күндері аясында ағымдағы жылдың желтоқсан айында әлемдік әнші Димаш Құдайбергеннің  Нью-Йоркте «Arnau tour ENVOY» атты  шығармашылық кеші өтті. «Barclays Center» аренада ұйымдастырылған кеште Димаш америкадағы тыңдармандарына қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде әнін тарту етті. Шоуға толы ерекше айтулы шара аншлагпен өтті. Айта кетейік, күллі Америкада қазақтың күйін күмбірлеткен Димаш Құдайберген Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

Өнер сахнасында өзіндік орны бар, әуелеген әні мен биік талғамы үйлескен Роза Әлқожа  жыл сайын жаңа есімдердің сахнада өнер көрсетіп, көпшілікке танылуына, жұлдыздарының жануына үлесін қосып келеді. Биылғы жылы да қазан айында дәстүрге айналған «Ән салсын ЖасStar» атты жоба көрермендерге ұсынылды. Кеш бағдарламасының  ерекшелігі сол, онда өнер ордасына  енді қадам басқалы жатқан  жас өнерпаздар ән шырқады.  Роза Әлқожаның дәл туған қарсаңында ұйымдастырылған кеште Әбдіжаппар Әлқожа әпкесін құттықтап, көліктің кілтін Роза Әлқожаға табыстаған болатын.

«Азия» мен «Бақай» тобы қараша айының 20 жұлдызында бірлесіп шығармашылық кешін өткізді. «Опмай-Опмай» әнімен талайды билеткен өнер иелерінің2019 жылы көрермендерге жол тартқан бейнебаяны әлеуметтік желіде 56 миллион қаралым жинады.  Қос топтың  өнер әлеміндегі 15 жылдық мерейтойларына арналған ән кеші «Жастар жылы» аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Кәсіби сахнадағы алғашқы қадамын SuperStar.kz байқауынан бастаған Әлішер Кәрімов өнердегі 15 жылдық мерейтойын киелі қара шаңырақ Республика сарайында атап өтті. Есеп беру кешінде ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісовамен бірге дуэт орындады.Екі күн қатарынан өткен кештің бағдарламасы үш бөлімнен тұрды.

Әбдіжаппар Әлқожада қалыс қалмады. Араға екі жыл салып қараша айының 5 жұлдызында Республика сарайында «Оригиналсың» атты екінші шығармашылық кешін өткізді.

Қараша айында  Әли Оқапов Республика сарайында жеке ән кешін ұйымдастырды. Бұған дейін еліміздің астанасында шығармашылық концертін берген ол, 2019 жылы алматылықтарды қуантты. «Мен үшін ол жай ғана кеш емес. Есеп беру, емтихан»,- деген Оқапов  аталмыш концертте халық әндерін, ретро хиттер мен авторлық туындыларды шырқады.

Желтоқсан айының 20 жұлдызында Ернар Айдар жеке  концертін берді. Шетелдік қонақтардың қатысуымен өткен шоу талайды таңдай қаққызбай қоймады. «Махаббат қаласы» деп аталған кештің құрметті қонағы ретінде  Түркияның белгілі әншісі Serdar Ortac, неміс пен америка халқына танымал әнші Oceana және ирандық әнші, композитор  Arash арнайы келіп, қазақ тілінде ән шырқады. 2019 жылды өнер иелері есеп беру кештерімен қортындылады.

Ұлжан Айнақұлова

Тегтер: