«20 жылдан бері террористпін»: Атырауда никаб киген екі әйелдің үстінен іс қозғалды
Атырауда TikTok-та тікелей эфирге шыққан екі әйелдің бірі өзін 20 жылдан бері террорист екенін айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жақсы танитынын мәлімдеген.
Астана, NEGE. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция 38 және 39 жастағы әйелдердің кім екенін анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалды:
– Ұсақ бұзақылық жасағаны;
– Заңға қайшы контент таратқаны;
– Қоғамдық орында бетті тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін.
Іс материалдары сотқа жіберілді. Сондай-ақ әйелдермен теологтың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салынған.