11 Сәуір 17:30
...

«Ештеңе бермегендер де бар...» – Тасқыннан зардап шеккен халыққа әншілер қанша ақша аударды?

Әншілер
Фото: Фото: gov.kz

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмек есебінде жылу жинау жалғасып жатыр. Олардың басы-қасында нәпақасын қара халықтың тойынан тауып жүрген өнер иелері бар. 

Сонымен, қай әнші жомарт түсті? Тілшіміз тізбектеп көрді.

Табиғи апатпен арпалыс басталған кезде белгілі әнші Динара СҰЛТАН отағасының өңір халқына ірі көлемде ақша аударғанын айтып, сүйінші сұрады. Оның Ерлан Қожасбай есімді күйеуі белгілі меценат, кәсіпкер екенін жұрт жақсы біледі. Динараның өзі «Осы заманның нағыз батыры – менің жарым» деп мақтанды.

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

Әншінің жары: «Мемлекет басшысы да кәсіпкерлерді халыққа көмектесуге шақырды. Екі серіктесіммен бірге 100 миллион теңге аудардық. Әрине, үйсіз қалған тұрғындарға өте қиын. Осы сын сағатында бәріміз бірігіп, жұдырықтай жұмылайық», – деп көпшілікті береке-бірлікке жұмылуға шақырды.

Су астында қалған жерлестеріне қолұшын берген өнер иелерінің алғашқы сабында әзірге Димаш тұр.

Әнші «Демеу Қазақстан» қайырымдылық қорына 15 млн теңге көлемінде қаржылай көмек аударған. Әлемдік жұлдыз әкесімен селбесе туған жеріне арнайы барып, халықпен жүздесіп, еріктілерге алғыс білдірді.

Әнші
Фото: ғаламтордан

«Сұңқар асын шашып жейді» деген. Қазақтың қарапайым баласы осыдан алты жыл бұрын Қытайдың Хунань елді-мекенінде су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек есебінде қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан Mango V қорына 300 мың юань (14 миллион теңге) көлемінде ақша аударған болатын. Ол аталған провинцияда өткен «Singer» байқауы арқылы әлемге танылғанын айтып, ондағы зардап шеккен халыққа көмек көрсетуді өзінің азаматтық парызы деп санайтынын жеткізген.

Ал айтыстан түлеп, түпсананы тереңінен зерттеп кеткен белгілі психолог Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА тасқыннан зардап шеккен жұртқа 5 миллион теңге аударды.

Ақын
Фото: ғаламтордан

Түркияда тұрып жатқан ақын: «Топан су басып жатқан аймақтардағы халықтың жағдайына алаңдап отырмыз. Біздің күшіміз бірлікте! Бұл қиындықтан да аман өтеміз. Президентіміз барлық шығын өтелетінін айтып жатыр. Азаматтар аман болса осы жерлерде керемет қалашықтар бой көтеріп, арты той болатынына сенеміз! Отбасымыздың атынан 5 миллион қаржы беріп жатырмыз. Алла қаласа балалар киімдері, памперс, тағы басқа керек жарақтарды алып әр аймаққа теңдей бөліп тарататын боламыз! Елімізге Алла жар болсын!», – деп жазды.

Бұдан соң Роза ӘЛҚОЖА, Ерғали ӘБДІРАЙЫМОВ және Гүлзира АЙДАРБЕКОВА бас бола жүріп, әріптестер арасында өзара 25 миллион теңге қаражат жинап бергендерін жеткізді.

Әншілер
Фото: әлеуметтік желіден

«Үш жүздің басы қосылатын күн туды. Өйткені, су тасқыны бір елге емес, еліміздің түкпір-түкпіріне жетуде. Өнер адамдары: әнші, продюсер, ақын, журналистер, асабалар бәріміз бірігіп ашқан топ бүгін елмен бірге екенін айтып, ортаға түскен қаражатты қалай жеткізу қажетін ақылдастық. Әзірге 25 млн теңге жиналды. Алдағы уақытта зардап шеккен жұртпен жеке жүздесетін боламыз. Біздің көмегіміз теңізге түскен тамшыдай болса да, жүрегіміздегі жанашырлық сезімін осылай жеткізгіміз келді», – деп жазды Р.Әлқожа.

Сонымен қатар өнер иесі ақша аударған әріптестерінің есімін атауды да жөн көрді.

Олардың арасында Ерғали Әбдірайымов, Ердос Қанаев, Гүлзира Айдарбекова, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Өктем Алтаев, Елнұр Наурызбек, Мұқасан Шахзадаев, Өмірқұл Айниязов, Бауыржан Бекахметов, Мирас пен Құралай, Қуаныш пен Қарлығаш, Ерке Есмахан, Мөлдір Мұқанова, Мадина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, Индира Елубаева, Үкітай Ерниязов, Кеңес Әлімжан, Мұхтар Ханзада, Айбек Қайбулла, Мәлік Жамбылұлы, Ақбота Сейтмағамбет, Анар Батырхан, Құдайберген Бекіш, Света Айтбаева, Бағым Мұхитденова, Садраддин, Бекжан Тұрыс, Ақбота Керімбекова, Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Бибігүл Қилымхан, Әзімбек Байлин, Қажымұрат Шешенқұл, Бауыржан Тұрабаев бар.

Ал «Елімізде мұндай табиғи апат бұрын-соңды болмаған» деп үндеу жариялаған Мәдина СӘДУАҚАСОВА сумен арпалысып жатқан отандастарына 1 миллион теңге аударды.

Сәдуақасова
Фото: әлеуметтік желіден

«Бұндай қиын кезеңдерде бір бірімізге қол ұшын беріп, демеу болайық. Суға кеткен өңірлерде құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтарға мың алғыс! Гуманитарлық пен қаржылай көмек көрсетіп жандарға Алла разы болсын! Біздің отбасы да өз үлесін қосып,Каспи банк арқылы 1.000.000 теңге аудардық. Бұл тек бастамасы, қолымнан келгенше, әлі де көмек беруді тоқтатпаймын, жалғастырамын. Аллам Қазақстанның әр өңірін табиғи апатынан сақтасын!», – деді әнші.

Тізім
Фото: әлеуметтік желіден

Мәселен uaqyt.info жариялаған біраз тізімге зер салсақ, продюсер Ерғали Әбдірайымов 1 млн 625 мың теңге берсе, Баян Мақсатқызы мен Қыдырәлі Болманов бір милион теңгеден аударған. Негізінен өнер азаматтарының басым бөлігі 100 мың теңгеден қосқан. Мысалы, Роза Рымбаева 100 мың теңге аударса, Ердос Қанаев 20 мың теңге беріпті.