17 жыл бойы жасырынып жүрген «Кинг-Конг» 15 жылға сотталды
Алматыда кәсіпкер Муса Шатоевтың қазасына қатысты іс бойынша 18 жылдан кейін үкім шықты.
Астана, NEGE. Қылмыстық ортада «Кинг-Конг» лақап атымен белгілі Юрий Юсупов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұсталғанға дейін ол 17 жыл бойы шетелде жасырынып, жеке басы туралы мәліметтерін өзгертіп жүрген.
Кісі өлімі 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Фурманов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған. Бас прокуратура мәліметінше, Юсупов пен оның сыбайласы Алексей Коваленко Шатоевты үйінің маңында күтіп тұрып, оған бірнеше рет оқ атқан. Соңғы оқ оның басына тиген. Шатоев оқиға орнында көз жұмды.
БАҚ-та Юсупов пен Коваленконың Қырғызстандағы «Рыспековтер» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы болғаны жазылған. Бір нұсқа бойынша, жанжал Юсуповтың қымбат Mercedes көлігін тартып алғаннан кейін басталған. Коваленко мұның артында Шатоевтың адамдары тұр деп есептеген.
Тағы бір нұсқа бойынша, Шатоевты ресейлік «қылмыс әлемінің серкесі» Хабибтің бұйрығымен өлтірген болуы мүмкін.
«Кісі өлтіруден кейін Юсупов Қазақстаннан кетіп, оған халықаралық іздеу жарияланды. Оның сыбайласы Коваленко қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында ол Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды. Оқиға барысында полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Юсуповты іздеу жұмыстары жалғасты», – деп мән-жайды жеткізді Бас прокуратура.
Юсупов 2025 жылғы тамызда Литва шекарасынан өтіп бара жатқанда ұсталып, қарашада Қазақстанның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
2026 жылғы шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.