4 Желтоқсан 13:06
...

Елімізде балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салатын заң жобасы әзірленді

Балалар интернет
Фото: ғаламтордан

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге, видеохостингтерге және жалпы онлайн-платформалардың көпшілігіне тіркелуіне тыйым салуды көздейтін жаңа заң жобасын әзірледі. Заң жобасына сәйкес, кәмелетке толмағандар үшін тек мессенджерлерге ғана тіркелуге рұқсат берілмек.

Алматы, NEGE. Құжат 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы негізінде, президенттің тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. 

Түсіндірме жазбада бұл бастаманың негізгі мақсаты балаларды интернеттегі зиянды, заңсыз және деструктивті контенттен қорғау деп көрсетілген. Бұл қадам кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз ақпараттық орта құруға және олардың онлайн белсенділігіне байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Яғни, мұның ішінде TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік желілер мен YouTube сынды видеохостинг платформалары бар. 

Түрлі заңдарға 80-нен астам түзету енгізілген. Нәтижесінде тыйым салынған контент көлемін қысқарту, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру, отандық және шетелдік цифрлық платформалар үшін тең жағдай жасау және онлайн-қызметтер мен БАҚ-қа деген сенімді нығайтылатыны айтылған.

Сонымен қатар, жас шамасы бойынша шектеуді енгізу қосымша бюджет шығындарын қажет етпейтіні және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан теріс әсер тудырмайтыны атап өтілген. 

Парламент қабылдап, президент қол қойғаннан кейін заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күннен кейін күшіне енеді.

Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 29 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға жарияланды. Сол мерзімде авторлық құқықты бұзу және заңсыз контентті тарату бойынша онлайн-платформалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеуге арналған жоба да дайындалды

Естеріңізде болса, осы аптаның басында мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою мәселесі қазір күн тәртібінде емес екенін айтқан.