150 миллиард бере ме? Машкевич қарызды өтегенше НЕГЕ оның соңынан қалмау керек?

Олигархтардың еуразиялық үштігіне қарасты «Еуразиялық банк» АҚ мемлекетке 150 миллиард теңге қарыз. Биыл борышты толығымен қайтаруға банктің қаржылық мүмкіндігі жетіп тұр. Тек акционерлерінде ондай ниет бар ма?
Қазақстандағы банктер 2024 жылды қорытындылап, аудиттелген есептерін Наурыз мейрамынан кейін шығара бастауы тиіс. Мысалы, «Еуразиялық банк» АҚ 2024 жылғы есебі әлі шықпады. Бірақ былтырғы жылдың 9 айы бойынша жасалған аралық есебіне қарасақ, үлестірілмеген таза кірісі 292 миллиард теңгеге жетіп отыр.

«Еуразиялық банк» 2017 жылы мемлекет тарапынан банктерге қолдау ретінде құрылған Қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасына қатысып, 150 миллиард теңгеге субординацияланған облигация шығарып, оны жылдық 4% кірістілікпен орналастырған болатын. Бағдарлама бойынша банк осы ақшаны 15 жылдан кейін, яғни 2032 жылы қайтаруы тиіс. Ал жыл сайын 4 пайыз купондық сыйақысын, яғни 6 миллиард теңге төлеп отырады.
Осы сыйақыны банк мемлекетке жеті жыл бойы төлеп келді. Демек, жеті жылда пайыз ретінде 42 миллиард теңге аударған. Ал негізгі қарыз – 150 миллиард теңге әлі күнге дейін балансында сақталып отыр.
Облигацияның әділ құны бойынша мемлекеттен алған осы қаржы «Еуразиялық банкке» 2017 жылы бірден 107 миллиард теңге кіріс алып келді. Себебі нарықтағы пайыздық сыйақылар 18% болып тұрғанда банктің көмекті 4 пайызбен алғанын ескеру керек.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге қатысты риторикасын қатайтып, олардан кезінде алған көмекті тез арада қайтаруын талап етті. Сарапшылар, біраз банк барлығын болмаса да ішінара соманы биылдан қалдырмай төлеп тастайды деген пікірде.
Әсіресе олигарх Владимир Кимнің біраз шығындануына тура келетін сияқты. Оның RBK банкі мемлекетке 213 миллиард теге қарыз. Мұнымен қоймай, Владимир Ким жақында Jusan банкін сатып алған болатын. Ол банк өз кезегінде мемлекетке 1 триллион теңге өтеуі тиіс.
Сонда бір Владимир Кимнің ғана мемлекет алдындағы борышы 1,2 триллион теңгеден асады. Бұл қарыз қашан қайтады?