8 Қыркүйек 18:41
...

15 жастағы спортшы жарыста мойын омыртқасын сындырып, ауыр халде ауруханаға түсті

Денсаулық
Фото: Pixabay

Ақтөбелік 15 жастағы жасөспірім Ақмола облысындағы жарыста ауыр жарақат алды. Ақмолалық дәрігерлер спортшының жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Бала санитарлық авиация көмегімен Астанаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. Қайғылы оқиға 7 қыркүйекте Ақмола облысы Ерейментау ауданында өткен 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Х дәстүрлі халықаралық турнир кезінде болды. Турнир Алаш идеясы жолында жанын қиған қайраткерлер мен Перуаш Кәрімұлының рухына арналды.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 50 кг дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен, «Бірінші спорт шеберлігі санатына ие» тәжірибелі ақтөбелік балуан күрес әдісін орындау кезінде мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалған.

— Барлық қатысушы командалар жарысқа дейін спортшылардың денсаулығы туралы медициналық анықтамалар ұсынған. Турнир барлық ресми ереже мен қауіпсіздік талаптарына сай өтті, жарыс кезінде жедел жәрдем бригадасы кезекшілікте болды, — делінген басқарма таратқан мәліметте.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарыс кезінде кезекші дәрігер және жедел жәрдем бригадасы уақтылы жеткен.

— Алғашқы тексеру кезінде 2010 жылы туған бала есі жоқ, клиникалық өлім жағдайында болған. Оқиға орнында реанимациялық көмек көрсетілді. Кейін аудандық ауруханаға шұғыл жеткізіліп, онда жүрекке жанама массаж, адреналин, дефибрилляция жасалып, жүрек соғысы қалпына келтірілді. Бала жасанды тыныс алу аппаратына қосылды, — деді басқармадан.

Алғашқы болжам бойынша диагноз — мойын омыртқаларының сынуы.

Оқиға орнында Ерейментау аудандық дәрігерлері, санитарлық авиация, ұлттық үйлестіру орталығы және Астана қаласының медицина мамандары бірлесе жұмыс істеді.

— Сол күні сағат төрттер шамасында бала Астанадағы № 2 көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Телемедициналық кеңес өткізіліп, дәрігерлер баланы санитарлық авиация арқылы тасымалдау туралы шешім қабылдады. Жас спортшы тікұшақпен Астанаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы өте ауыр, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, алдын ала тергеу жүріп жатыр.

«Qazaq Kuresi» қауымдастығының президенті Дамир Бекбосыновтың айтуынша, жас спортшыға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Қауымдастық бапкерлермен және медициналық мекемелермен тұрақты байланыста.