15 сәуірден бастап мобильді аударымдарды тексеру басталады. Нені ескеру керек?
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ақша аударымдарына қатысты тәртіпті түсіндірді.
Астана, NEGE. 15 сәуірге дейін екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша ақпаратты салық органдарына жібереді.
Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, азаматтардың бір-біріне кофе, түскі ас немесе ұсақ шығындар үшін ақша аударуы тексеріс нысанына жатпайды. Сол сияқты туыстар арасында қаражат жинау, мерекелік шараларға ақша қосу немесе «бата» ретінде көмек беру де кәсіпкерлік қызмет белгісі ретінде бағаланбайды.
«Бұл сұрақ жиі қойылады. 15 сәуірге дейін белгіленген критерийлерге сәйкес банктерден бірінші тоқсан бойынша деректерді аламыз. Яғни, “қызыл жалаушалар” бойынша банк мәліметтерді іріктеп, бізге ұсынады», – деді Ержан Біржанов.
Бұл мәліметтер кейін камералдық бақылау аясында қаралады. Күмән тудыратын операциялар анықталып жатқан жағдайда азаматтарға хабарлама жіберіліп, оларға қаражаттың қайдан және неге түскенін түсіндіруге мүмкіндік беріледі.
«Салық есебін тапсырса немесе түсіндірме берсе, міндетін орындады деп есептейміз. Ал сіз айтып отырған жағдай, яғни кофе немесе түскі ас үшін төлем жасау кәсіпкерлік қызмет белгілеріне мүлде жатпайды», – деді вице-министр.
Мобильді аударымдар үш критерий бойынша бақылауға алынады және осы үш критерий бір мезгілде орындалуы тиіс. Атап айтқанда, жеке тұлға үш ай қатарынан (мысалы қаңтар, ақпан және наурыз айларында) 100 түрлі адамнан ақша аударымдарын алып, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, бұл адам салықтық бақылауға алынады. Екінші деңгейлі банктер мұндай деректерді фискалдық бақылау үшін ұсынады.