USD
USD
USD

141 депутат қолдады: Ерлан Қарин вице-президент лауазымына тағайындалды

Бүгінгі Құрылтай жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді вице-президент лауазымына ұсынды. 145 депутаттың 141-і қолдап дауыс берді, төртеуі қалыс қалды.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Жаңа вице-президент өзіне сенім білдірген Мемлекет басшысы мен Құрылтай депутаттарына алғыс айтып, Қазақстан соңғы жылдары айтарлықтай өзгергенін айтты.

«Көптеген салада ауқымды әрі терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезе бастады. Сіздің қолдауыңыз бен сеніміңіздің арқасында елдегі осындай тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдым. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: “әрбір азамат үшін елге қызмет ету үлкен бақыт әрі зор мәртебе”. Маған да осы жолда үлкен мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын», – деді ол.

Оның айтуынша, Конституциялық реформалар мен кеше өткен Құрылтай сайлауы қоғамдық-саяси өмірге жаңа есімдер мен жаңа тұлғалардың келуіне жол ашты. Ендігі мақсат – барлық ел азаматтарымен бірігіп, жаңа Конституциялық құндылықтарды қоғамдық санада орнықтыру. 

«Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі Конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Яғни сіздің, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер Отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың бәріне осындай ауқымды жұмыстарға атсалысуға жол ашып отыр. Ендігі мақсат – жаңа Конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмірдің басты қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру», – деді Ерлан Карин.

Сөз соңында Ерлан Қарин ел азаматтарын Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістер төңірегінде топтасып, мемлекет дамуы жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Қазір оқып жатыр

Үкімет басшысы лауазымында қалған Бектенов Президентке қандай уәде берді?

Олжас Бектенов

Вакансияны жарияламай адам алған жұмыс берушілерге айыппұл салынуы мүмкін

Іс

Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды

Ләззат Танысбай

Президент премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновті қайта тағайындауды ұсынды

Бектенов