140 мың адамның аты пайдаланылған: МӘМС-тегі ірі схема әшкереленді
Тергеу мәліметіне сәйкес, шамамен 140 мың азаматтың атына іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделіп, соның негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан миллиардтаған теңге заңсыз алынған.
Астана, NEGE. Агенттік мәліметінше, осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.
Тергеу барысында мұндай заңсыз схемалар Түркістан облысында, Астана қаласында және Алматы облысында анықталған.
Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.
Агенттік мәліметінше, бұл кәсіпкерлердің медициналық мекемемен ешқандай келісімшарты болмаған. Олардың банк деректемелері қаражатты заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынды.
Астанадағы «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталған.
«Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар "Damu Med" ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгеге жалған медициналық қызмет рәсімделген», – деп хабарлады агенттік.
Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тергеу барысында пациенттерге шын мәнінде ешқандай қызмет көрсетілмегені анықталған. Ал жалған құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.
«Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге көлемінде шығын келтірілген», – деп мәлімдеді ҚМА.
Агенттік мемлекеттік бюджет пен МӘМС қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған мұндай схемаларды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатқанын атап өтті.