Референдум Референдум
27 Ақпан 16:26
...

12 наурыздан бастап рөлде телефон пайдаланғандарға айыппұл келуі мүмкін

Смартфон
Фото: freepik.com

12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Референдум

Астана, NEGE. ІІМ өкілдері қандай жаңалық енгізілгенін түсіндіріп берді. Бұған дейін рөлде отырып телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты құқықбұзушылықтарды полиция қызметкерлері анықтап келсе, енді мұндай заңбұзушылықтар заманауи техникалық құралдар арқылы тіркелмек.

Заңнамада құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі көзделген:

  • қолданыстағы бейнекамералар;
  • автоматты тіркеу жүйелері – рөлде телефон пайдалану немесе белдікті тақпау сияқты арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де бұзушылықтарды анықтайды;
  •  әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі жүйесімен біріктірілген мемлекеттік деректер базаларын пайдалану. Бұл құжаттарға қатысты бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, яғни техникалық байқаудың мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің болмауы, қаруды сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы және басқа да жағдайлар.

Полицейлердің нақтылауынша, бұрын автоматты режимде жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау, тоқтау және тұру қағидаларын бұзу, озу және жолдың жүру бөліктерінде орналасу қағидаларын бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты алты түрлі құқықбұзушылық тіркеліп келген. Қалған құқық бұзушылықтар тек полиция қызметкерінің қатысуымен анықталған.

«Сонымен қатар заңнамада ескерту қарастырылған құқықбұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын жолда кептеліс тудыру, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және басқа да жолда жүру қағидаларын бұзу жағдайлары үшін полиция қызметкерінің қатысуы және істі қолмен рәсімдеу қажет болатын», – дейді ІІМ өкілдері.

Бұл ретте ведомство өкілдері «автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Бұл жүйелер тек көлік жүргізушілері тарапынан жасалған жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтауға арналған. Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ауыр зардаптар қаупін төмендетуге бағытталған». 

ІІМ мәліметінше, заңнамадағы өзгеріс қауіпті мінез-құлықты дер кезінде анықтауға және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Референдум