12 есе жоғары пайызбен қарыз берген: Ақтөбеде ломбард иесінің ісі сотқа жолданды
Қаржы мониторингі агенттігі Ақтөбе облысында ломбард қызметі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Тергеу деректері бойынша, күдікті ломбард қызметін жүргізуге арнайы рұқсаты болмаса да, 2020–2025 жылдар аралығында халыққа ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттар және т.б. мүліктерді кепілге ала отырып, қарыз беруді ұйымдастырған. Бұған қоса, ол өз кәсібін комиссиондық дүкендер ретінде көрсеткен.
«Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдалана отырып, ол тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары», – делінген ҚМА хабарламасында.
Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 (0,3%) теңгеден аспауға тиіс болған.
Осылайша, қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асып кеткен.
«Сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтері бұғатталды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.