USD
USD
USD

11 мыңға жуық лифтіні екі-ақ адам бақылайды: министрлік тұрғын үй саласындағы проблеманы атады

Астанада 10 840 лифтіні бақылауға тұрғын үй инспекциясының екі қызметкері ғана жауапты. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі депутат Екатерина Смышляеваға берген жауабында айтты.

Пәтер
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Екі инспектор лифтіден бөлек тұрғын үйлердегі газ баллондар мен су жылыту қазандықтарын да қадағалайды. 

Министрліктің мәліметінше, өңірлердегі тұрғын үй инспекцияларында маман мен қажетті құралдар жетіспейді. Кей жерлерде инспекция бөлімдері мүлде жоқ немесе қызметкер саны жеткіліксіз. Сондықтан тұрғын үйлерді басқару жұмысына бақылау әлсіз.

«Мұны кадр тапшылығы емес, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін құрылымдық мәселе деп есептейміз», – деді ведомство.

Ведомство қауіпті техникалық құрылғыларды бақылау міндетін Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қайтаруды ұсынған. Министрліктің пікірінше, бұл органда тиісті мамандар мен техникалық база бар.

Тұрғын үй қорында тағы қандай мәселе бар?

Министрлік жауабында тұрғын үй саласындағы өзге де мәселелер көрсетілген.

  • 14 673 көпқабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл елдегі 61 367 көпқабатты үйдің 24%-ы.

  • Күрделі жөндеуге 16 млрд теңге жетіспейді. 2027–2029 жылдарға 19,9 млрд теңге сұралғанымен, оның 3,9 млрд теңгесі ғана мақұлданған. Ал 2025–2026 жылдары республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге ақша бөлінбеген.

  • Құрылыс салушыларды жазалауға заң мүмкіндік бермейді. Үйді басқару ұйымы ауысқанда құрылыс салушы қажетті құжаттарды уақытында тапсырмаса да, оған әкімшілік жаза қолдану мүмкін емес. Себебі заң бойынша құрылыс салушылар мемлекеттік бақылауға жатпайды.

  • 78 КСК мен ПКСК қайта тіркеуден өтпеген. Министрлік мұны құжаттардың заң талаптарына сай болмауымен, қатысушылар туралы қате мәліметтермен және жиналыстарды өткізу тәртібінің бұзылуымен түсіндірді.

  • ОСИ төрағасын ауыстыру да қиындық туғызады. Бұрынғы төраға ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасын бермесе, жаңа төраға туралы мәліметтерді мемлекеттік жүйеде жаңарту қиынға соғады.

Сонымен қатар тұрғындарға үйді басқаруға және электронды дауыс беруге мүмкіндік беретін тегін цифрлық сервис әзірлеу мәселесі қарастырылып жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сервисті 2027 жылы іске қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева өз депутаттық сауалында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесіндегі бірқатар мәселені көтерген болатын.

Қазір оқып жатыр

Теміртауда 20 жастағы жігіт ата-анасын өлтірді деген күдікпен ұсталды

Полиция көлігі

Ұлттық қордан өңірлерге 1,5 трлн теңге бөлінеді: қаражат қайда жұмсалмақ?

primeminister.kz

Павлодардағы колониядан Wi-Fi-роутерлері, Sony PlayStation ойын приставкасы мен смартфондар табылды

сот

Karachaganak Support Service компаниясының негізін қалаушы 2,2 млн доллар жымқырғаны үшін сотталды

Сот балғасы