28 Наурыз 20:41

«10 мың халыққа 100 жұмыс орны»: Қанша адам қызметпен қамтылды?

Фото:

Әр өңір мен қаладағы еңбек саясатын дамытудың маңызы әрқашан зор. Өйткені ол адамдардың бойындағы жұмыспен қамту, еңбексүйгіштікке баулу қасиеттерін арттыра отырып, әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуына сеп болары сөзсіз. Астанада осы мақсатта жасалып жатқан іс-шаралар аз емес.

Астана, NEGE. Мысалы осы жылдың басында қалада «Қазіргі еңбек нарығындағы білім, ғылым және өндірісті интеграциялау» тақырыбында жұмыс берушілер форумы өткен еді. Форумда 10-нан астам спикер сөз сөйлеп, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысу туралы айтып берген.

Ал наурыз айының басында елордалық Халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаментінің басшысы Әли Көмекбаев келіп, жұмыссыз азаматтарды қабылдау барысы, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары туралы айтып берді.

Кеше ғана 27 наурызда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Әлеуметтік қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс топтарының отырысы өтті. Отырыста арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың желісін жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы сыйымдылығы шағын орталықтарды ұйымдастыру пилоттық жобасы талқыланды.

Қоғам мен адам бар жерде жұмысқа орналасу мен табыс көзін табу мәселелері үнемі актуалды бола бермек. Осы тұста жыл басталғалы бері елдегі еңбек саясатының қалай дамып жатқанына бір көз жүгіртіп өтсек.

«Биыл барлығы 947,8 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлап отырмыз»

Қазақстан  Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ел азаматтарын жұмыспен қамту мәселелері үнемі бақылауда екен. Және оған қатысты бірқатар шаралар қабылданып, жыл басында өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітіліпті. Оның шеңберінде жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлар да белгіленген.

Министрлік өкілдері: «биыл барлығы 947,8 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлап отырмыз»,– дейді. Олардың айтуынша, ұлттық жобалар мен субсидияланған бағдарламалардың жұмыс орындар саны 231,3 мың адамды қамтуы тиіс.

Ал Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 341,8 мың адам жұмысқа орналастыру көзделген. Бос жұмыс орындарына 324 мың адам тартылмақ. Осы кезге дейін 100 мыңнан аса ел азаматтары жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 70 мыңға жуығы іске асырылып жатқан ұлттық жобалар бойынша, 15 мыңы «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы аясында, 28 мыңға тарта адам бос жұмыс орындарына кірген. Жұмысқа орналасудың барлық көрсеткіштері зейнетақы аударымдары мен еңбек шарттары бойынша тексеріледі екен.

«Жұмыссыздар бізге қашан хабарласады деп күтуді емес, оларға өзіміз жұмыс түрлерін ұсынуды таңдаймыз»

Айта кетсек, осы жылдың ақпанынан бастап проактивті жастарды жұмыспен қамту пилоттық жобасы басталыпты. Оның басты мақсаты – жұмыссыз жастарды анықтау, мемлекет сынып отырған барлық мүмкіндікті түсіндіру.

Еңбек министрлігі вице-министрі Олжас Ордабаев: «Жұмыссыздар бізге қашан хабарласады деп күтуді емес, оларды өзіміз анықтап, жұмыс түрлерін ұсыну мен ынталандыру жолдарын таңдаймыз»,–дейді.

О.Ордабаев ОКҚ алаңында

Сондай-ақ, «Отбасылық цифрлық картасы» аясында кірісі жоқ екі мың жасты анықтап, жұмысқа тұру бойынша жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндіктеріне қатысу үшін арнайы смс хабарламалардың алғашқы легі жіберілген. Нәтижесінде смс хабарлама алған адамдардың ішінен төрт мыңнан астамы электронды еңбек биржасына кіріп, оның үш жүз алтысы Call орталықтарына хабарласқан. Хабарлама алған жүз бес адам жұмысқа орналасқан. Ал отыз тоғыз адам «Кәсіпкерлік негіздерін» оқуды бастаған.

Жастарға берілетін жеңілдетілген несие

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша наурыз айынан бастап жастарға жеңілдетілген шартпен микрокредиттер беру басталды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін биылға 29 миллиард теңге жұмсалу қаралған. Бұл қаржы есебінен бес мыңдай жасты жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр екен.

Сонымен қатар барлық өңірде мобильді жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырылмақ. Ол орталықтарды ұйымдастырудың басты мақсаты – халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабардар ету. Одан әрі қарай жұмысқа орналастыру тетігі де қарастырылған.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік органдар тұрғындарды жұмыспен қамтудың түрлі тетіктерін қарастырып жатыр. Олардың ішінде ұлттық жоба мен арнайы субсидия бөлетін бағдарламалар да бар. Жастарға берілетін жеңілдетілген несие түрлері де осы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған.

Тегтер: