31 Мамыр 12:16
...

1 маусымнан бастап магистратураға кешенді тестілеуге тіркеу басталды

Білім
Фото: gov.kz

Қазақстанда 1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге өтініш қабылдау басталды.

АЛМАТЫ, NEGE. Тіркелу 2025 жылғы 8 шілдеге дейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Тестілеу өтетін орын, күні мен уақыты туралы ақпарат талапкерлердің жеке кабинетінде 14 шілдеден бастап қолжетімді болады.

Шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттар 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арқылы қабылданады.

Тіркелу кезінде талапкер тестілеуді тапсыратын қаланы, дайындық бағытын, білім беру бағдарламаларының тобын және тестілеу тілін өз еркімен таңдай алады. Бұл мәліметтерді 8 шілдеге дейін өзгертуге болады, алайда өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін ешқандай өзгеріс енгізілмейді.

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу форматы екі бағытта өтеді:

1. Ғылыми-педагогикалық магистратура – тест үш бөлімнен тұрады:

  • Шет тілі бойынша тест (кемінде 25 балл)

  • Оқуға дайындығын анықтайтын тест (кемінде 7 балл)

  • Білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест (әр пәннен кемінде 7 балл)
    Барлық тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Жалпы шекті балл – 75.

2. Бейінді магистратура – тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырылады:

  • Бірінші пән – кемінде 7 балл

  • Екінші пән – кемінде 7 балл
    Жалпы шекті балл – 30.

Сондай-ақ, саяси, әкімшілік және азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес басқарушылық қызметте кемінде 5 жыл еңбек өтілі немесе бейініне сәйкес салада кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесі бар азаматтар ЖОО қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу нәтижелері бойынша ақылы түрде магистратураға түсе алады.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі жалған дипломдардың алдын алу мақсатында бірыңғай ақпараттық база құрған болатын.