24 Шілде 12:54
...

1 маусым – балалар күні мемлекеттік мереке болып белгілене ме?

1 маусым балалар күні
Фото: ғаламтордан

Үкімет 1 маусым — балаларды қорғау күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу мәселесін талқылап жатыр.

Алматы, NEGE. «Мерекелер мен демалыс күндері азаматтардың өтініші, түрлі ұйымдардың демалыс күндерін белгілеуге қатысты ұсыныстары негізінде белгіленеді. Басқа мемлекеттермен, әсіресе экономикалық дамуы жоғары елдермен салыстырғанда, бізде мұндай мерекелердің саны жеткілікті. Бұл шынымен де белгілі бір әсерін тигізіп отырған болар. Менің ойымша, өндірісі үздіксіз жүретін кәсіпорындар бәрібір жұмысын жалғастырады. Әрине, мереке күндері бұл кәсіпорын әкімшілігі заңнамаға сәйкес қызметкерлерге қосымша төлем төлеуі тиіс. Ал бұл күндері жұмыс істегендерге қосымша демалыс немесе еңбек демалысына қосымша күндер берілуі қажет», – деді Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Одан әрі вице-премьер 1 маусым халықаралық балалар күнін ресми мереке деп жариялауға қатысты ойын ортаға салды.

«Бұл мерекеге қатысты мәселе бірнеше рет талқыланды. Себебі бұл бойынша өтініш өте көп түсті. Одан бөлек энергетика саласының қызметкерлері жүгініп жатыр. Көпшілік бұл күнді демалыс күні етіп белгілеу керек деп санайды», – деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.

Одан бөлек балалар күні мерекесін ресми етуге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев пікір айтты.

«Ел бойынша жалпы 10 мемлекеттік мереке бар. Мереке күндеріне қатысты кез келген ұсыныс мемлекеттік органдармен қаралып, келісу арқылы шешіледі. 1 маусымға қатысты расында да ұсыныс болды, қазір мемлекеттік органдармен, сарапшылармен талқылау жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша нәтижесін қосымша хабарлаймыз. Талқылау қыркүйекке дейін аяқталады», – дейді министрдің орынбасары.