1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы артады

Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған студенттерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
Алматы, NEGE. «Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді. Сонымен қатар биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясы артады. Бакалавриат үшін стипендияның мөлшері 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңге болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», – деп атап өтті вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі ҚР Заңы қабылданды, ол азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болады және қолданыстағы қолдау шараларын біріктіреді. Бүгінгі таңда ашылған шоттар саны 102 мың салымды құрады.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.