Сыр өңірінде «Таза Қазақстан » республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы бастау алды
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сыр өңірінде «Киелі мекен» апталығы бастау алды.
Алматы, NEGE. Сыр өңірі ежелден тарихи-мәдени кескерткіштер мен қасиетті кесенелерге бай өлке. Жалпы облыста мемлекет қорғауына алынған 567 тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Осы ретте, 14-20 сәуір аралығына жоспарланған «Киелі мекен» апталығында облыс аумағындағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштер, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің аумақтары абаттандырылады.
Акцияның алғашқы күні Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіші, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған белгі, Амангелді Иманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің маңайы тазартылды.
Игі бастамаға Аралдықтар да атсалысып, аудан тұрғындары Балықшылар музейінің ауласына тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, Әбдіжәміл Нұрпейісов мұражайының аумағына әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Аталған шараға қала тұрғындары, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері белсенді қатысты.
Қазыналы Қазалы ауданының тұрғындары да акцияға ерекше қолдау білдіруде. Аудан халқы Жанқожа батыр кесенесі мен Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музейінің аумағына тазалық жұмыстары жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан бөлек қазақ хандығының астаналарының бірі «Жанкент» қалашығы мен Бегім ана мұнарасы, Кердері кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды.
Сонымен қатар, «Киелі мекен» апталығында қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қасиетті орын Қорқыт ата ескерткішінің кешені мен «Марал ишан», «Қалқай ишан» кесенелері тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ал, Жалағаш ауданындағы киелі нысандар: Бұқарбай батыр және Ұлы Отан соғысы ескерткішінің, «Түмен әулие» кесенесінің аумақтары тазартылды. Жалағаштықтар кесене аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, күл-қоқыстардан тазартты.
Сонымен қатар, Сырдария ауданындағы «Асанас», «Қышқала» қалашықтары мен «Қалжан ахун» мешіт-медресесін аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, игі бастамаға белсене араласқан тұрғындар көгалдандыру шараларына да атсалысты.
Шиелі ауданындағы киелі орын саналатын Оқшы ата қорымының айналасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Жаңақорғандағы киелі «Қорасан ата» кесенесі мен «Сығанақ» қалашығы мен тарихы тереңге жайылған мәдени ескерткіштер маңы қоқыстардан тазартылды.
Аталған акцияға аудан тұрғындары, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, сала ардагерлері ерекше қолдау білдірді. Жалпы «Киелі мекен» апталығындағы сенбілікке 3000 адам қатысты, 100-ге жуық іс-шара өтті.
Тарихи-мәдени нысандардың маңайына 5000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Апта соңына дейін Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіші, С.Қожанов, Ы.Жахаев бюсттері мен Мұстафа Шоқай, Бұқарбай Естекбайұлы, Ғани Мұратбаев ескерткіштері, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтарға тазалау жұмыстары жүргізу жоспарланған.
Жалпы тек акция аясында ғана емес облыс көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері барлық елді мекендерінде көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алып, тұрақты түрде жүруде.