12 Сәуір 15:29
...

«Қазақтелеком» су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 1 млрд теңге аударды

су тасқыны
Фото: Nege.kz

Қазақстанның ірі телеком-операторы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 миллиард теңге аударды.

Қазіргі уақытта бөлінген қаржы «Самұрық-Қазына» тобы компанияларының осы мақсатқа орай қаражат жинақтап жатқан Samruk-Kazyna Trust-қа жіберілді.

«Біз Қазақстанның төтенше жағдай жарияланған өңірлеріндегі отандастарымызға алғашқы күннен бастап көмек қолын создық. Еліміздің әр түкпірінде жұмыс істейтін компания қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялауға белсене араласты. Біздің мамандар техниканың көмегімен су бөгеттерін беріктігін нығайтып, қарғын суды бұру жұмыстары жүргізілді, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Су тасқыны
Nege.kz

– Әлбетте, компания қызметкерлері өздерінің тікелей кәсіби міндетін орындауда. Яғни, су тасқыны қауіп төндірген өңірлерді үздіксіз байланыспен қамтамасыз етеді. Біз су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мәселесінде де шетте қалмаймыз.

Қазіргі уақытта компания өз қорынан 1 миллиард теңге бөліп, қаржыны еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аудандарға шұғыл қолдау көрсетуге пұл жинайтын Samruk-Kazyna Trust қорына аударды». 

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» портфельдік компаниялары арқылы Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қаражат жинау туралы шешім сәуір айының басында қабылданды. Қазіргі уақытта Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, осы мақсатқа 15 миллиард теңге жинақталған. Еліміздің ірі телеком-операторынан басқа, Қордың корпоративтік орталығы, «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан Темір Жолы», «Қазақгаз», Kegoc, «Эйр Астана» авиатасымалдаушысы және «Самұрық-Энерго» компаниялары қаржылай көмек аударды.

су тасқыны
Nege.kz

«Самұрық-Қазына» құрамына кіретін портфельдік компаниялар және еншілес ұйымдар қаржылай көмектен басқа, жергілікті әкімдіктер мен төтенше жағдай департаментімен бірлесіп техника жеткізіп, апаттық-құтқару жұмыстарына қатысты. Олар бүлінген нысандар мен тұрғын үйлердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесуде.

«Қазіргі жағдайда қызметкерлердің қауіпсіздігі мен жабдықтың тұтастығын қамтамасыз ету портфельдік компаниялардың алдында тұрған баты міндеттің бірі. Мұндай сыналар сәтте бәріміз бірігіп, төтенше жағдайдың алдын алуға күш салуымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, зардап шеккен өндірістік нысандарды қалыпты тәртіпке әкелетін іс-шараларды жүргізу керек», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов портфельдік компаниялар басшыларының қатысуымен өткен төтенше жағдайға қатысты жедел штаб отырысында.

су тасқыны
Nege.kz

Айта кетейік, алғашқы күннен бастап Қор тобына ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсететін портфельдік компаниялардың еншілес және тәуелді ұйымдарының ерікті апаттық-құтқару қызмет күштері мен құралдары жұмылдырылды.

 «Қазақтелекомның» техникалық блогы телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жедел штабтар құрды. Онда табиғат апатымен күрес жүргізетін барлық бөлімшелердің жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін байланыс орталықтары ұйымдастырылған.

«Қазақтелеком» су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде апаттық-қалпына келтіру байланыс топтарын құрудан бөлек, топ мүшелері су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтарды тез арада жөндеп, қалпына келтіруге кірісіп кетті. Сондай-ақ, компанияның байланыс мамандары «Самұрық-Қазына» Қорының басқа да портфельдік компанияларының қызметкерлері сияқты зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар жөнелтіп, барынша қолдау көрсетіп жатыр.