БҚО-да су тасқынан зардап шеккен тағы 50 тұрғын баспаналы болды
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Алматы, NEGE. Көктемгі су тасқыны салдарынан баспанасы жарамсыз деп танылған Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстёпное ауылының 50 тұрғыны баспаналы болды.
Жаңа үйлер демеушілер қаржысына салынды.
Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заң аясында тиісті көмектер көрсетілуде. Бүгінде Теректі ауданында салынып жатқан 130 үйдің 50-нің құрылысы аяқталды. Қалған 80 үйді қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарына қолдау білдірген демеушілерге және компанияларға шынайы алғысымды алғысымды білдіремін", - деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін БҚО-ның Теректі ауданында 30 үй сатып алынып, 395 отбасының баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғыны Лаура Нысанованың үйі су тасқыны кезінде жарамсыз деп танылды. Бүгін ол жанұясымен бірге қоныс тойын тойлап жатыр.
"Наурыз айының соңында үйімізді су басты. Бір қиындықтың артында жеңілдік тұрады деген шын сөз екен. Бүгін баспаналы болып отырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған үйге қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін", - деді Лаура Нысанова.