Миллиардер Машкевичтің бой тасалауы бақай есепке құрылған ба?
Eurasian Resources Group компаниясы әлемнің жиырма шақты елінде бизнес жүргізіп келе жатқан алпауыт өндірістің біріне жатады.
Ол дүниенің түпкір-түпкірінде табиғи ресурстарды өндіру мен қайта өңдеу ісімен айналысады. Компания көп жылдан бері Қазақстанда да жер қойнауындағы байлықты жер бетіне шығарып жатыр. Біздің жерімізде «Қазхром», «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы», «Шүбаркөл көмірі» акционерлік қоғамдары және «ERG Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деген сынды компанияларды құрды. Компанияның Директорлар кеңесі жақында толықтай жаңарған екен. Nege.kz ақпараттық-сараптамалық порталы зерттеу жүргізген. Портал ондағы ескі адамдар мен жаңа адамдарды сараптап, компанияның Қазақстан үкіметіне құйып жатқан дивидендінің деңгейін екшеп, жұмбақ болып тұрған нәрселерінің картасын ашып тастапты.