21 Сәуір 11:14

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне 300 алма ағашы отырғызылды

агаш
Фото: vecher.kz

Акцияға мемлекеттік қызметкерлер, әскери ардагерлер, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Алматы, NEGE. Алатау ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Науқанға «Генералдар кеңесі» «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестіктері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әскерилер, белсенді жастар, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Биыл Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Батырдың құрметіне Алматыда 300 түп алма ағашы отырғызылды.

«Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмұд Телеғұсов шара жайында былай деді:

– Бұл ағаш отырғызу шарасы Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналды. Ол – қиын жылдарда армиямызды сақтап қалуға күш салған, әскерилер мен ел патриоттарының бірнеше буынын тәрбиелеген қолбасшы. Сондықтан да әскери қайраткердің өмірі ұрпаққа үлгі болуы керек.

Шара
Фото: ғаламтордан

«Жалпы, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны шеңберінде қалада 30 мыңға жуық ағаш егілмек. Бұл бір реттік қана бастама емес. Барлық ағаштар үш жыл бойы күтіліп, көктеп өнуі бақыланатын болады», – деді Алматының мәслихат депутаты Мейіржан Отыншиев.