22 Наурыз 12:46

Ауа сапасы ең нашар елдер рейтингі: Қазақстан қай орынға жайғасты?

лас
Фото: Reuters

Сейсенбіде жарияланған мәліметтерге қарағанда, Пәкістан 2023 жылы әлемдегі ең түтінді үш елдің бірі болып қала берді. Ал осы рейтингте Чад пен Иранның орнын басқан Бангладеш пен Үндістанда ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) белгілеген деңгейден шамамен 15 есеге асып кеткен. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлады.

Алматы, NEGE. PM2.5 – өкпені зақымдайтын ауадағы ұсақ бөлшектердің орташа концентрациясы. 2023 жылы Бангладеште 1 текше метрде PM2.5 консентрациясы 79,9 микрограммға, Пәкістанда 73,7 микрограммға жеткен екен. Ал ДДСҰ стандарты бойынша бұл көрсеткіш 5 микрограммнан аспағаны абзал.

"Климаттық және географиялық жағдайларға байланысты (Оңтүстік Азияда) PM2.5 концентрациясы шарықтап барады. Өйткені ластаушы бөлшектердің басқа барар жері жоқ. Бұған ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті және халықтың тығыз орналасу фактілерін қосыңыз", - дейді Швейцариядағы ауа сапасын бақылайтын IQAir ұйымының менеджері Кристи Честер Шредер "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

2022 жылы Бангладеш ауа сапасы бойынша бесінші, ал Үндістан сегізінші орынға ие болды.

Австралия, Эстония, Финляндия, Гренада, Исландия, Маврикий және Жаңа Зеландия 2023 жылы ДДСҰ талаптарының үдесінен шығып, ауасы ең таза елдер атанды.

IQAir дерегінше, Қазақстан астанасындағы PM2.5 концентрациясы бүгінде ДДСҰ-ның ауа сапасы жөніндегі жылдық нұсқаулық мәнінен 10,2 есе жоғары екен немесе текше метріне 50,9 микрограмм. Бұндай көрсеткіш ауаның "сезімтал топтар үшін зиянды" екенін білдіреді.

Елдер арасындағы рейтингте Қазақстан 2023 жылы 134 елдің ішінде 40-шы орыннан көрінді. Республика бойынша PM2.5 концентрациясы әлемдік нормадан шамамен 4,4 есеге асып кеткен. Бұл – зиянды емес, "орташа" дегенді аңғартады. Швейцариялық ұйымның индексіне сенсек, өткен жылы Қазақстанда ең таза қала деген мәртебеге Шу ие болса, Қарағанды ең лас қала атанған.