5 Мамыр 14:16

Қонаевта жеті мың гектар жер мемлекетке қайтарылады

https://24.kz/
Фото: 24.kz

Мемлекет басшысының жер телімдерін тиімді әрі мақсатты пайдалану, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, Алматы облысының орталығында жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.

Қонаев, NEGE. Қонаев қаласында өткен жылы 15 мың гектар жер мемлекет қорына өтсе, биыл 7 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады. Жергілікті атқарушы билік өкілдері қаланың жаңадан бекітілген Бас жоспары бойынша жерін заңды түрде рәсімдеген кәсіпкерлерге қала аумағынан басқа жер телімдерін ұсынуда. Бірақ кей кәсіпкерлер бұған келіспей отыр.

Кәсіпкерлер Наргез Пилтан мен Ермек Омаров 2021 жылы Қонаев қаласынан коммерциялық мақсаттағы жер телімін сатып алған. «Ойпаңдау жерді тегістеу үшін 500-600 машина топырақ төгуге тура келді. Құм аралас топырақ сырғымасын деп, астына бетоннан құйылған 100 шақты блок тастадық. Бұл жерге қонақ үй, дәріхана, әлеуметтік дүкен сияқты халыққа қажетті нысандарды салғымыз келеді. Бірақ бізге Қонаев қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер құрылыс жүргізуге рұқсат бермей отыр», – дейді кәсіпкерлер.

Қонаев қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер бұл жер телімінің құжаттарын қайтадан көтеріп, содан кейін барып қана нақты бір шешім қабылдайтындарын айтты.

Руслан Ботанбаев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Қала жағынан урбанистер өздері перспективға сәйкес жобалағандықтан, осы жерді жасыл желек қылып кеткен. Оң шешім қабылдауға тырысамыз.Мемлекетке де, кәсіпкерге де ыңғайлы бір ортасын табу - мақсатымыз. 

Қонаев қаласында мұндай даулы жер телімдері өте көп. Өткен жылы 15 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылды. Ал биыл 7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтуі тиіс.