«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау басталады
Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясына және «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына құжаттарды қабылдау үздіксіз жүргізіледі, деп хабарлады Kazinform.
Алсаты, NEGE. Құжаттарды қабылдау 29 сәуірде басталып, 25 қазанда аяқталады.
Конкурстық іріктеу 10 мамырдан 30 қарашаға дейін өтеді. «Болашақ» стипендиясына құжаттар egov.kz. порталы арқылы қабылданады. Ал «500 ғалым» бойынша өтінімдерді қабылдау және конкурстық іріктеу алғаш рет bolashak.gov.kz. порталында «Үміткердің жеке кабинеті» бөлімінде онлайн жүргізіледі. Шетелде кадр даярлау кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.
2024 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентураға, докторантура бағдарламалары бойынша – 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінген.
Басым мамандықтар тізімі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері, қысқамерзімді және ұзақмерзімді даму стратегиялары мен жоспарлары бойынша құрылған. Үміткерлер су қауіпсіздігі және су бұру, агроорман шаруашылығы, құрылыс, агроөнеркәсіп, жасанды интеллект, молекулалық генетика сияқты өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өте алады.
«Болашақ» стипендиясы бойынша квоталық санаттар қарастырылған. Олар – инженерлік-техникалық қызметкерлер, медициналық мамандар және ауылдық жерлерден кандидаттар. Квоталық санаттағы үміткерлер тегін тілдік дайындықтан өте алады. Сондай-ақ құжаттарды тапсыру кезінде шетелдік жоғары оқу орнына өз бетінше түсудің қажеті жоқ. Олар стипендия тағайындалғаннан кейін оқу орнын таңдай алады.
«500 ғалым» бағдарламасы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілді. Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бойынша жыл сайын 500 стипендия бөлінеді.
«Мемлекет академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабады. Сондай-ақ ай сайынғы стипендия төленеді. Үміткерлерге қойылатын талаптармен, басым мамандықтар тізбесімен, университеттер мен ғылыми орталықтардың тізімімен bolashak.gov.kz. сайтында танысуға болады», - деп хабарлады Халықаралық бағдарламалар орталығы.