9 Наурыз 14:26
...

Ұлттық банк WhatsApp-тағы профильдерді "бұзу" дерегінің жиілегенін ескертті

теле
Фото: pxhere

Алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді "бұзып", алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді "бұзу" үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы, NEGE. Қазақстан Ұлттық банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін, халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын нақтылап айтады.

"Кей жағдайда алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді "бұзып", алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді "бұзу" үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильді иемденіп алады. Әрі қарай алаяқтар профиль иесінің атынан оның жақын туыстарынан, таныстарынан, достарынан немесе әріптестерінен әртүрлі сылтаумен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғалардың шотына аударуды сұрап, жаппай хабарлама таратады", - делінген Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл ретте әңгіме немесе хат алмасу кезінде алаяқтар бастан-аяқ психологиялық қысым көрсетеді, қоңырау желісін "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне" жалғайды, Қылмыстық кодекстің баптарына сілтеме жасайды және құпияны сақтауды сұрайды.

Сондай-ақ, әңгіме кезінде қаскөйлер ұялы телефонға келіп түскен хабарламаларды өздеріне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтуді, қандай да бір қосымшаны жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды, пароль, PIN-код немесе басқа да құпия және жеке деректерді айтуды сұрайды.

"Сонымен қатар, алаяқтар мобильді банкингтің көмегімен ойдан шығарылған тауарды сату арқылы, салық (қызмет) төлеу немесе банк шотына шектеу қою арқылы ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар "электронды тұзақ" болып шығады және айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады. Осыған байланысты Ұлттық банк "құқық қорғау органдарының (ІІМ, ҰҚК) қызметкерлерінен, Ұлттық банк қызметкерлерінен" қоңырау келіп түссе, әңгімелеспеуді ұсынады және қандай да бір мәселені реттеуге, алаяқтарға қарсы "арнайы операция" жүргізуге атсалыспауға кеңес береді", - делінген хабарламада.

Егер сіз немесе танысыңыз алаяқтардың тұзағына тап болған жағдайда, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз.

Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.