5 Сәуір 14:49

«Қазақтелеком» су тасқынынан зақымданған желіні толық қалпына келтіреді

Қостанай облысы
Фото: Nege.kz

«Қазақтелеком» Қостанай облысындағы су тасқыны салдарынан зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын қолға алды.  

Еліміздің ірі телеком-операторы табиғат апатынан зардап шеккен елді мекендерді телефон байланысы және интернет желісімен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. 

«Қазақтелеком» қызметкерлері Қостанай облысының оңтүстік бөлігінде тынымсыз жұмыс істеуде. Байланысшылар желідегі ақауды және суға кеткен байланыс нысандарын жедел қалпына келтіруге жұмылдырылды. Су кірген нысанның бірі – Қызыл Жұлдыз ауылындағы компанияның жабдықтары орналастырылған радиорелейлік станция.

«Қазақтелеком» АҚ
Nege.kz

 «Қызыл Жұлдыз ауылындағы байланыс нысанындағы судың деңгейі 70 см-ге дейін жетіп, жабдықтарды түгел басып қалған. Нәтижесінде Қызыл Жұлдыз, Қайынды елді мекендеріндегі 70 абонентке байланыс қызметін жеткізіп тұрған СDМА-450 базалық станциясы істен шыққан. Қазір Қызыл Жұлдыз – Қайыңды «радио көпірдің» жұмысы қалпына келтіріліп, Қайыңды ауылындағы мектепке сымсыз интернет желісіне қосылу мүмкіндігі берілді. Енді станция ішінде жабдықтарды тестілеу және кептіру жұмыстары жүріп жатыр», – деді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» дивизионы» бірлестігінің Қостанайдағы желі қатынау департаментінің директоры Сәкен Ысқақов.

Nege.kz

Су тасқынынан кейін Жанкелді ауданының Тәуіш ауылының маңында оптикалық магистральдық желі үзілді. Оның салдарынан Жанкелді ауданының екі мыңнан астам абоненті бірнеше сағатқа интернет желісіне қосыла алмай, телефон байланысы өшіп қалды. Апат орнына келген техникалық бригада дереу қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті.

«Ақауды жоюға жұмсалған уақыт өтінім түскен сәттен есептеледі. Апат орнына жетуге жұмсалған уақытты есепке алғанда байланыс 8 сағатқа өшірілді. Ал желіні қалпына келтіру 3 сағатқа созылды. Себебі, техникалық бригадаға апат орнына жету оңайға соққан жоқ», – дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» дивизионы» бірлестігінің МЖТТ-8 бастығы Асқар Асенов.

«Қазақтелеком» АҚ
Фото: из открытых источников

Айта кетейік, Тәуіш ауылындағы мектепте орналасқан жедел штабқа еліміздің ірі телеком-операторы жылдамдығы секундына 100 Мбит дейін жететін жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Тасқын сумен күреске компанияның жергілікті бөлімшесі су сорғыш машинаны қосқанда 4 бірлік арнайы техника жолдады. Сонымен қатар автокөліктер мен дизель-генераторлар үшін 1,2 тонна дизельдік жанар май жіберілді.

Бұл күш пен құралдар табиғат апаты аумағын байланыспен қамтамасыз ету және «Қазақтелеком» нысандарын суға кетуден сақтап қалумен қоса жедел штабтың қажеттіліктеріне де жұмсалады.