24 Наурыз 11:43
...

Майами турнирінде сенсация: әлемнің 2-ракеткасы жарыс жолынан шығып қалды

Майами турнирінде сенсация: әлемнің 2-ракеткасы жарыс жолынан шығып қалды
Фото: Фото: sports.kz

Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінде әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Алматы, NEGE. А.Соболенко үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 36-орында тұрған украиналық Ангелина Калининамен шеберлік байқасты.

А.Калинина үш сеттік матчта сенсация жасап, 6:4, 1:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында белорусьтік теннисші 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Калининаның есебінде 1 эйс қана болғанымен, 11 брейк-пойнттың алтауын құр жібермеді.

Жүлде қоры 8,9 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың 1/8 финалында Ангелина Калинина қазақстандық Юлия Путинцевамен кортқа шығады.

Осыған дейін А.Калинина мен Ю.Путинцева өзара екі рет ойнаған. Есеп – 1:1. Енді қайсысының алға шығатынын алдағы жекпе-жек көрсетеді.

Юлия Путинцева қазірдің өзінде WTA Live рейтингісінде 68-ден 55-орынға көтеріліп тұр.

Өткен жылы Майамиде финалға дейін жетіп, чехиялық Петра Квитовадан ұтылған Елена Рыбакина үшін де биылғы жарыс аса маңызды. Ол былтырғы ұпайын сақтап қалу үшін кемінде финалға дейін жетуі керек. Оның үстіне келесі қарсыласы Рыбакина үшін қолайсыз болып отыр. Бұған дейін Елена Мэдисон Кизбен 3 рет ойнап, соның екеуінде америкалық теннисші жеңіске жеткен.