11 Сәуір 21:00
...

«Қазақтелеком» су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға гуманитарлық көмек жинауда

Гуманитарлық көмек
Фото: Nege.kz

Еліміздегі ірі телеком-оператор су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға гуманитарлық көмек жинауды жалғастыруда.

Бүгінде «Қазақтелекомның» барлық филиалдары мен өкілдіктерінің жанынан өңірлерге бірінші кезекте қажетті заттар, жылы киім, құм-топырақ және т.б. керек-жарақты жинау пункттері ашылды. 

Естеріңізге сала кетейік, қазір Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары сынды еліміздің тоғыз өңірінде төтенше жағдай жалғасып келеді. Үй-жайын су басқан тұрғындар баспанадан бөлек барлық дүние-мүлкінен, малынан айрылып қалды. Қарғын судың кесірінен халық шұғыл түрде үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындар құжат пен телефоннан өзге өздерімен керекті заттарын алмады.

гуманитарлық көмек
Фото: из открытых источников

«Республика бойынша мыңнан астам ерікті гуманитарлық көмек жинап жатыр. Осы тұрғыда біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді. Әріптестеріміз бір жұдырықтай жұмылып, бірлесе еңбектенді. Әрқашан көмекке келуге дайын халық бұл ауыртпалықты да бірлікте еңсеретініне сенімдіміз», – дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» бірлестігі» дивизионының қолжетімді желіні пайдалану департаментінің Қарағанды бойынша директоры Аманғали Беков.

Айта кетейік, жинау пункттері ашылған сәттен бастап аз уақыт ішінде гуманитарлық көмек жеткілікті мөлшерде жиналды. Барлық жиналған қаражат су тасқынынан зардап шеккен халыққа жөнелтіледі.

Одан бөлек телекоммуникация операторының қызметкерлері мен тұрғындар гигиена заттарын, азық-түлік, резеңке етік, тұрмыстық заттар, балалар жаялықтарын, киім-кешек, төсек-орын және т.б. әкеліп жатыр. Ал бүгін бірнеше машинадан тұратын жүктің алғашқы партиясы арнайы тарату орталығына жіберілді.

«Біз барлық өңірлермен байланыстамыз. Әріптестеріміздің ешқайсысы шетте қалмай, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуде. Соның ішінде біздің қызметкерлер де зардап шегіп, үй-жайын су басып қалған. Олар үшін компанияның техникалық блогы ұжымынан жеке қаржылық көмек жіберіледі. Белсенділік танытып, өз үлесін қосқан барлық жанға алғыс білдіреміз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ «Желі» бірлестігі дивизионының Бас директоры Самат Туғанбаев.

Қазақтелеком
Фото: Қазақтелеком

Бүгінде бірқатар аймақта су деңгейі төмендемей тұр. Көмекке мұқтаж адамдардың да қатары артып келеді. Зардап шеккендер қайықпен қауіпсіз жерге көшіріліп, уақытша орналастыру бекеттеріне жайғастырылды.

«Біз бірнеше күн күттік, шамамыз жеткенше заттарды үйден шығардық. Үйіміз толығымен су астында қалды, әрі оны қалпына келтіру мүмкін болмады. Қазір жергілікті мектепте уақытша тұрып жатырмыз, басқа баратын жеріміз жоқ. Күнкөріссіз қалдық. «Қазақтелеком» ұжымына қол ұшын созып жәрдем бергені үшін зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Ақтөбе тұрғыны Геннадий Рысмағамбетов.

Гуманитарлық көмек
Nege.kz

Бұдан басқа, «Қазақтелеком» қызметкерлері төтенше жағдай департаменті мен өңірлік әкімдіктерімен тәулік бойы су тасқыны салдарын жоюға байланысты тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Дизель генераторларын елді мекендерге жеткізіп, тұрғындар туыстары және жақындарымен байланыста болуы үшін уақытша байланыс желісін құратын апаттық-қалпына келтіру командалары құрылды.

Гуманитарлық көмек
Nege.kz

Сонымен қатар, компания жергілікті билік органдарына су тасқыны аймақтарындағы үйінділерді бөлшектеу үшін ауыр техника жеткізді. Компания кейбір аймақта су тасқынының жалғасуына байланысты зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысын жалғастыра бермек.