9 Қыркүйек 11:12

Халық НЕГЕ коучтардың курсына құмар?

Психология, коуч, тренер
Фото: Коллаж: NEGE

Соңғы жылдары әлеуметтік желіде курстарын сатып, жұртқа ақыл айтып, әрнені үйрететін коуч, бизнес-тренерлер көбейді. Отбасын әрең асырап жүргендер қарызданып-қауғаланып курс сатып алады. Мұның сыры неде?  

                                                               «Бывшийыңда басың қалсын»

«Өз-өзіңе сенімділік сыйлау» курсы – 74 мың теңге, «әрекет ету» – 148 мың, «жертва болма» – 30 мың, «масштабқа шығу» – 444 мың. Бұл қазіргі курстардың бағаларының бергі жағы, ал ең жоғарғы баға 2-3 млн теңгеден асады. Адамдар өздеріне сеніміділік сыйлауды, әрекет етуді басқаларға ақша төлеп үйренетін болған. Дәл осы курстардың иесі roza_couch, шынайы есімі – Роза Аширбаева. Қазір өзін кәсіпкер ретінде таныстырып жүрген коуч оқырмандарды қыздарға ақыл-кеңес айту видеолары арқылы жинаған. Бейнероликтердің тақырыбы: «қасқыр болып тиіңдер байға», «ол қатын мені дуалап алды», «сүйем немесе жек көрем», «бывшийыңда басың қалсын», «мамасының баласы өзгереді ме», «нормальный жігіттер қайда мекендейді», «күйеуім уже бөлек жатады» деген сияқты қысқа секундты бейнероликтер. Тұрмыстағы өміріне онсызда налып жүрген әйелдер инстаграм мен тик-ток желілерінде көпшілікке отбасылық өмірі туралы әңгіме айтып, бөтен әйелдің айтқанын тыңдайды. Оған қоса, өмірде жақсы жігітті табуды мақсат еткен, бірақ ғашықтықтан басы айналып жүрген жас қыздар Розаның ақылына жүгінеді.

Дөрекілеу көрінгенімен, өзін шынайы көрсететін коуч қазір Қазақстанда танымал блогерлердің бірі, және осы әлеуметттік желілердің арқасында бірнеше рет киноға түскен. Басқалардың көзімен коуч құдды бір қоғамдағы қыздардың мәселелерін шешіп, көздерін ашқандай көрінеді. Мәселен біраз уақыттан бері жақсы жігіт кездестіре алмай жүрген Айару Ақбергенова: «Розаны бұрыннан тыңдаймын, жақында курстарын сатып алдым, психология жағынан ер мен әйелдің қарым-қатынасын жақсы түсіндіреді. Қазір жігіттеріне алданып, көзі байланып, жігітке несие алып беріп, одан таяқ жеп, сатқындыққа шыдап жүрген қыздар көп. Роза сондай қыздарға ақыл айтады. Қазір халықтың сауаты ашылып келеді. Өзімнің болашағам үшін қанша ақша болса да, төлеуге дайынмын», – дейді.

Роза Аширбаева
Фото: alash.kz

                                             Коучтың істегенін істеме...

Өзін психолог, әрі миллионер ретінде таныстырып жүрген aiya_azhibek (шын есімі Айя Ажибек) ақша блогын ашып, жұртқа табысты арттыру техникасын үйретіп жүр. Ол бай адамның өмірін көрсетеді, Дубайда тұрады, туысқандарына пәтер, көлік сыйлап, сол бейнероликтердің арқасында лайк пен қаралым санын жинап, курстарын сатады. Курсында ол қарыздан құтылу жолдары, сүйікті істі қалай табамыз, психологиялық жақтан ақшаға деген қарым-қатынасты түзету сияқты тақырыптарды қозғайды. Артық ойлардан, өткен-кеткенге реніштен құтылудан, сенімсіздіктен құтылудың жолдарын айтады. Пікірлер де сан түрлі, пайдасын көріп жатқандар да бар, енді біреулер оны алаяқ санайды. «Бұл бәленің марафонын жұмысы жүрмей жатқан адамдар алмаса, қымбатын да, арзанын да алдық, дым түсініксіз, адамдар алданбаңыздар» дейді. 

Айя Ажибек
Фото: Youtube подкастынан

                                                  Ененің көңілін табу курсы

Төреғали Төрәлінің қарындасы Фариза Төрәлі талай жылдан бері «Женские секреты» курстарын сатып жүр. Курстың бағасы арзан, бірақ пайдасы бар ма?

Ол қыздарға қалай гүл, қымбат сыйлықтар алудың жолын үйретеді. Сонымен қатар, армандардың орындалу техникасымен, Алла жолында дұрыс жүру қағидаттарымен бөліседі. Арулар мен әйелдер қауымы алған білімдерін мақтап, «Фаризадай құрбың болса, жерде қалмайсың» деп мақтап жатады. Коучтың курсын сатып алған Гүлім Тоқтамысова бүй дейді: «Басқа блогерлерге сенбесем де, Фаризаға қатты сенемін. «Женские секреты» курсына қатысқалы күйеуіммен ара-қатынасым дұрысталды. Бұрын, көп ұрысатынбыз, қазір ұрыспаймыз».

Енемен қалай тату тұруды үйрететін коучтар да бар. Мәселен, Ханым Көлбаеваның бейнероликтері «сөз таситын келіндерге айтарым», «әйел табысы», «жуас ене», «енемен тіл табысу жолдары» деп аталады. Ханымның айтуынша, келін мен ене арасындағы мәселе келіннің ниетіне байланысты екен.

                                                   «Курс аламын деп қарызға баттым»

Атышулы Алия Байтугаеваның (super_mamasita) курстарын сатып аламын деп қарызға батқандар да бар. Елена Алексеевна бұл туралы былай дейді: «Бес балам бар. «Менің курсымды алсаң, айына 2-3 млн табасың, несиелеріңнен құтыласың, SMM болып үйден-ақ жұмыс істей бересің» деген соң балаларымның аузынан жырып  курстарын сатып алғанмын. Еш пайдасы болған жоқ. Керісінше, қарызға батып қалдым».

Urpaq подкастына берген сұхбатында бизнесмен Сырымбек Тау: «Мотиватор, коуч дегендерді ауа жегізгіш адамдар деп ойлаймын. 500 мың теңге төлеп ауа сатқыштарды тыңдадыңыз, одан не ұттыңыз? Одан да кітап оқыған артық. Кітаптан әлдеқайда көп пайда табасыз», – дейді.

                                                  Түйін

Халық неге коучтардың курсына құмар? Тығырықтан шығар жолды неге курстардан іздейді? Мұның сыры халықтың тұрмыс-тіршілігінде жатқан сияқты. Мұны коучтар да біліп алған, адамның жанды жеріне тиіп, сол арқылы ақша жасайды. Ең дұрысы алаяқтарға алданбай, біліміңізді шыңдаңыз, себепті өзіңізден іздеңіз. Сәтсіздіктердің бәрі бңлңмсңздңкте жатқанын ұққан кезде көп нәрсенің түйіні өзінен өзі шешілетінін жадыңызда сақтаңыз.