20 Маусым 12:16

Маңғыстауда «Халық» қорының қолдауымен жаңа су тұшыту қондырғысы іске қосылды

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

19 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Ақтаудың іргесіндегі Сайын Шапағатов ауылында су тұшыту қондырғысы іске қосылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау, NEGE. Жаңа қондырғының көмегімен зауыттың қуаты екі есе артты. Кәсіпорын тәулігіне 4 500 м3 су тұшытады. Бұл өз кезегінде он мыңға жуық тұрғыны бар Сайын Шапағатов пен көршілес 15 мың адам тұратын Ақшұқыр ауылын толық ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су тұшыту зауыты шикізат ретінде жерасты суларын пайдаланып, ауыл халқына санитарлық талапқа сай ауыз су ұсынады. Алдағы уақытта өндіріс ошағы қуатын тәулігіне 6 500 м3 дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай игі бастамаға мұрындық болып, жобаға қаржы бөлген «Халық» қорына маңғыстаулықтар атынан алғысын жеткізді.

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдегі су тапшылығын жойып, халықты таза сумен қамту жайында арнайы тапсырмасы бар. Жерлестерімізге тіршілік нәрін жеткізу ісі - күн тәртібінен түспейді. Қазір облыста ауыз су тапшылығын жою үшін бірқатар жоба қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесін көретін сәт те алыс емес. Тамыз айына дейін «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6000 текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылса, «СК-А-Строй» ЖШС су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 9 000 текше метрге дейін арттырады. Сондай-ақ тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6000 текше метр ауыз су, Баянды ауылындағы су тұшыту қондырғысы арқылы тәулігіне қосымша 3000 текше метр ауыз су Мұнайлыға беріледі, – деді Н.Қилыбай.

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

Айта кетейік, іске қосылып жатқан зауыттың жалпы құны – 1 000 000 000 (1 млрд) теңге. Жобаны «Алека» ЖШС «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырып отыр.

Аталған жобаға «халық» қоры 565 млн теге бөлді.